Кездесуде Айбек Дәдебай тамыз айында өткен Құрылтай сайлауындағы ТүркПА бақылаушылар миссиясының жұмысына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Құрылтай бауырлас түркі елдерінің парламенттерімен тығыз қарым-қатынас жасау дәстүрін жалғастыратынын атап өтті.
– Түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық пен әріптестік байланысқа Қазақстан ерекше басымдық береді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі айтып жүр. Біз – бауырлас халықпыз, тарихымыз бен мәдениетіміз ортақ. Осы байланыстарды одан әрі нығайта түсуіміз керек. Біздің елдеріміздің парламентшілері мұны жақсы түсініп, түркі бірлігін нығайтуға зор үлес қосып келеді. Бұл ретте ТүркПА-ның түркі интеграциясындағы алатын орны ерекше, – деді Айбек Дәдебай.
Рамиль Гасан Айбек Дәдебайды Құрылтай Төрағасы қызметіне сайлануымен құттықтап, парламенттердің мемлекетаралық саясатты жүзеге асырудағы рөліне тоқталды.
ТүркПА Бас хатшысы Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға қатысты пікір білдіріп, олардың қоғамның әл-ауқатын арттыруға және мемлекетаралық қатынастарды дамытуға ықпалын атап өтті.
Кездесуде Қазақстанның ТүркПА-ға төрағалығының аяқталуына байланысты мәселелер де сөз болды. Айбек Дәдебай қазан айында Бішкекте өтетін Ассамблеяның XV жалпы отырысының маңызын атап өтіп, оның нәтижелері ұйым аясындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға серпін беретініне сенім білдірді.
Тараптар ТүркПА жұмысы және парламентаралық бағыттағы алдағы іс-шараларға қатысты бірқатар ұйымдастыру мәселесін де талқылады.
Айта кетейік, 2025 жылы Астанада ТүркПА-ның XIV жалпы отырысы өтіп, оның қорытындысы бойынша Астана декларациясы қабылданған еді.