АСТАНА. KAZINFORM - Сингапурде өтіп жатқан көркем гимнастикадан Азия чемпионатында қазақстандық Айбота Ертайқызы лентамен өнер көрсету сайысында чемпион атанды.
Құрлықтық додада ол 28.150 ұпай жинап, жеңіс тұғырына көтерілді.
Аталған сайыста өзбекстандық Наталья Усова (27,55 ұпай) екінші, жапониялық Рейна Матсусаки (27,2 ұпай) үшінші орын алды.
Бұл сайыста тағы бір қазақстандық Айым Мейіржанова 27.000 ұпаймен төртінші орынға тұрақтады.
Айбота бұдан жекелей сындағы көпсайыс қорытындысында төрт жаттығу бойынша 82.200 ұпай жинап, қола медаль алған еді.
Айбота Ертайқызы 2004 жылы дүниеге келген. Қазірге дейін ол 2024 жылы Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өткен құрлықтық додада чемпионы атанған еді. Сондай-ақ бірнеше мәрте күміс және қола жүлдеге қол созды.
Сондай-ақ көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасы көпсайыстан тұңғыш рет алтын медаль алды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.