Айбота Ертайқызы Сингапурдағы Азия чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды
15:21, 17 Мамыр 2025
АСТАНА. KAZINFORM - Сингапур төрінде жалауы желбіреген көркем гимнастикадан Азия чемпионатында қазақстандық Айбота Ертайқызы өз өнерімен көз сүйсіндіріп, жүлдегерлер қатарынан көрінді, деп хабарлайды ҚР Спорт комитетінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Айбота жекелей сындағы көпсайыс қорытындысында төрт жаттығу бойынша 82.200 ұпай жинап, үздік үштікке енді.
Өзбекстан спортшылары көш бастап, алғашқы екі орынды иеленді. Сондай-ақ Айым Мейіржанова барлығы 80.450 ұпаймен 5-сатыдан көрінді.
Айта кетейік, сары құрлық додасына 19 елден 100-ден астам атлет бас қосып, өз бақтарын сынауда. Енді, ертең ақтық жарыстар басталады.
Осыған дейін Зарина Диястың Жапониядағы жарыстың финалына жолдама алғаны туралы жаздық.