***
Қазақтың байырғыдан келе жатқан кәсібі - мал бағу екені анық. Тіпті, қыста - қыстауға, жазда жайлауға шығуының бір себебі де - мал басын көбейтіп, баии түсу еді. Сол уақытта мықты малшылардың жеке марапаты да бар еді. Міне, «Егемен Қазақстан» газеті бүгін Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейін ет пен жүнді мол өндіру жорығында жүріп, мемлекетке пәлендей елтірі, пәленбай кило жүн, ет тапсырып, 100 қойдан 144 қозы алған Жазылбек Қуанышбаев туралы жазады.
«Жазекеңнің еңбек жолын, озық тәжірибесін насихаттау үшін кезінде «Жазылбек мектебі» де ұйымдастырылған екен. Ал, 1977 жылы Нұртай Айдаров деген қаламгер Жазекеңнің еңбек жолы туралы «Жазылбек мектебі» атты кітап жазыпты. Содан болар, Жазылбек Қуанышбаевты «дала академигі», «малшылардың маршалы» деп атаған. Ендеше, Жаз атаның мал бағудағы айтқандары мен тәжірибесі әлі күнге маңызды. Оған осы кітаптағы мына үзінділерден кейін көзіңіз анық жетеді» деп жазады басылым. Бұл туралы толығырақ«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жарық көрген«Малшылар маршалы»атты мақаладан оқи аласыздар.
***
3 сәуір - «Халық қаһарманы», бейбіт күннің батыры Ғазиз Байтасовтың туған күні. Бұл туралы «Айқын» газеті жазып отыр. «Тәуелсіз елдің тыныштығын күзетіп, төтеннен төнген қауіпке кеудесін тосып, оқыс жағдайда опат болған жерлесіміз тірі болғанда биыл 45 жасқа толар еді...Естеріңізде болса, Таразда 2011 жылдың 12 қарашасында жиһад қозғалысының жақтаушысы жасаған қылмыстың салдарынан 7 адам, оның ішінде құқық қорғау органдарының 5 қызметкері мен 2 азаматтық тұлға көз жұмған болатын. Террористік әрекет барысында жергілікті халыққа үлкен қауіп төндірген лаңкестің тұрғындарға бағытталған жарылғыш гранатасын кеудесімен жауып, елінің бейбіт өмірі үшін жанын пида еткен Ғазиз Әбдібекұлының ерлігі әлі күнге ел жадында»,-деп жазады басылым. Көзсіз ерлігі үшін Ғазиз Байтасовқа Елбасының Жарлығымен «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Тараз қаласының бір көшесі батыр атымен аталып тұр. Ғазиз Байтасов туралы дос-жарандарының, жақындарының сағынышқа толы естелігін«Айбынды ерлік, аяулы ғұмыр...»атты мақаладан оқи аласыздар.
Алматы - алманың «астанасы» саналса, Түркияның Амасия қаласы - алманың анасы аталады екен. Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі мен Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен ер түріктер елінде өткен Тәттімбет Қазанғапұлыняың 200 жылдық мерейтойы аясында тарихы қала - Амасиямен танысқан «Айқын» газеті бұл қала туралы дерек мақала ұсынып отыр. «Биік таудың етегінде жатқан көне шаһар Түркияның солтүстігінде орналасқан. 8500 жылдық тарихы бар. Алматы - алманың «астанасы» саналса, Түркияның Амасия қаласы - алманың анасы аталады екен»,-деп жазады басылым. Бұл туралы толығырақ«Алмалы қала - Амасия» атты мақаладан оқи аласыздар.
***
Ал,«Экпресс К» газетінің хабарлауынша, Ақтөбе облысында алғаш рет мектеп директоры оқушылардың білімі таяз болған соң, айыппұл төлеген. «Ақтөбе облысы Жем қаласындағы №5 орта мектептің директорына оқушылардың нашар білімі үшін айыппұл салды. Жоспарсыз тексеру анықтағандай, 4, 9, 11 сынып оқушыларының тек 60 пайызы ғана жақсы баға алған. Ал, бұл 2007 жылы ел үкіметі бекіткен ережеге сай келмейді. Сондықтан, директор 31 815 мың теңге айыппұл төлейді», - деп жазады басылым. Бұл туралы толығырақ«Экспресс К» газетінен оқи аласыздар.