Астанадағы шаршы алаңда қазақстандық спортшылармен бірге Ливан, Марокко, Ресей, АҚШ, Қытай мен Аргентина т.с.с елдерден 150-ден астам спортшы өнер көрсетеді.
«Бұл жолы толық жаңартылған құрам өнер көрсетеді. Бүгінде кәсіби шаршы алаңның шаңын қағып жүргендердің ішінде сайысқа түсетіндер бойынша Сергей Морозовты, Шавкат Рахмоновты, Дәурен Ермековты, Гойти Дазаеваны, Рашида Дагаеваны ерекше атап өтуге болады. Қазақстанның қазіргі құрамасында чемпион атағын жеңіп алуға Санжар Әділовтің, Мәди Райханның, Зарина Қадырбаева мен Мария Агапованың (61,2 кг) жақсы мүмкіндігі бар. Басты қарсыластарымыз, әлбетте, ресейліктер. Олар мұндай жарысқа мықты мектептен шыңдалып келеді. Десе де, біздің де спортшыларымыздың көрсетері бар», - дейді ҚР ММА, панкратион және греплинг ұлттық федерациясының құрметті президенті Айдар Махметов.
Ал ММА-дан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушы АйбекШоқпытовтың айтуына қарағанда спортшылар ерекше дайындықтан өткен.
«Біздің оқу-жаттығу жиынымыз Ақтөбе қаласында өтті. Барлық спортшылар жеңіске дәмелі. Спортшыларымыз Астанадағы әлем чемпионатында жақсы нәтиже көрсететініне сенімдімін. Туған жерімізде өнер көрсетеміз. Бұл бізге ерекше күш-жігер, қолдау береді», - дейді Айбек Шоқпытов.
ММА бойынша V әлем чемпионатын ММА, панкратион және грэпплинг ұлттық федерациясы Астана қаласы әкімдігінің, ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің, «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен ұйымдастырып отыр. Чемпионатты тікелей эфирден отандық «QAZSPORT» телеарнасы көрсетеді. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі көрермендер ақтық сындарды телеарнаның сайтынан тамашалай алады. Чемпионат туралы арнайы сюжет «Euronews» телеарнасында шығады. Бұл өз кезегінде әлемдегі әуесқой ММА-ны көпшілікке паш етуге жаңа серпін бермек.