Айдос Сарым: Көпбалалы отбасылар ірі қалаларға көп бөлмелі пәтердің аздығынан келе алмай жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Айдос Сарым құрылыс нарығын реттеу саясаты мен демографиялық саясатты үйлестіріп жүргізуді ұсынды.
— Мен әдейілеп статистиканы қарадым. Осыдан 15-20 жыл бұрын пәтер салу кезінде 2-3 бөлмелі пәтерлерге басымдық берілсе, қазір қалаларда берілетін пәтерлердің жартысы — 1 және 2 бөлмелі. Кейінгі 10-15 жылда шынымен де 1 бөлмелі пәтерлердің үлесі тең жартысына артқан. Салынатын пәтерлердің көбі 1 және 2 бөлмелі болса, көпбалалы отбасылар оған кіре алмайды. Осыны болдырмау үшін құрылыс компанияларына дұрыс сигналдар берейік. Бәлкім бір жеңілдіктер қарастыру керек шығар. «Қалаларға осынша бөлмелі пәтер көбірек керек» деген сигнал берілу керек сияқты. Өйткені баласы көп отбасыларды жер үйлерге ығыстырып жатырмыз. Олар өңірлерге көшуге мәжбүр. Құрылыс нарығын реттеу ісінде де демографиялық саясат болу керек, — деді депутат.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев депутаттың ұсынысын қолдауға дайын екенін айтты.
— Онда біз Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, нормативтік жолын пысықтайық, — деді ол.
Айта кетейік, дәл қазір Мәжіліс құрылыс қызметін қағазбастылықтан арылтатын құжатты қарап жатыр.