Айдос Сарым: Президент сайлауы – саяси реформалардың бір көрінісі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Республика Президентінің 7 жылдың мандаты саяси бағдарламаны іске асыруға толығымен жеткілікті. Бұл пікірді саясаттанушы, ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты Айдос Сарым айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өз пікірінде сарапшы Президент сайлауын биыл өткізудің себебін түсіндірді.

«Бұл сұраққа Президенттің өзі нақты жауап берген сияқты. Ең басты мәселе, саяси реформаларды бастау, референдум кезінде құрылған саяси жүйенің нақты көрінісі, көрсеткіші – оның іске асуы болмақ. Яғни, бір жағынан қоғамның өзі қазір бір жыл, екі жыл күтіп отырғысы жоқ. Екінші жағынан, көтерілген көптеген мәселелерді іске асыру үшін Президенттің де, Парламенттің де саяси мандаты жаңаруы керек. Бұл елдегі бүкіл саяси ойын ережелерін өзгертіп, жаңа саяси тұлғаларды, жаңа партияларды алаңға әкеліп, қоғамдық-саяси өмірді белсенді етіп, сол арқылы саяси жаңаруды, жаңа көзқарастардың орнығуын, олардың саяси дәстүрге айналуын қамтамасыз ету керек деп айтты. Сондықтан бұл тосын сайлау емес, жүйелі, осы өзгерістерді халықтың ықыласын, саяси жүйені іске асыру бағытында жасалып отырған нақты қадам деп айтуға болады», - деді А. Сарым агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Оның пікірінше, Президенттікке жеті жыл мерзім аса көп емес, себебі Президент бір рет қана сайлана алады.

«Ең бастысы еліміз қазір суперпрезиденттік модельден кетіп жатыр. Жеті жылда Президенттің өзінің саяси бағдарламасын іске асыратын, толыққанды жұмыс істей алатын мүмкіндігі бар. Кем дегенде екі Парламент сайлауының басы-қасында болады, саяси курсқа, қабылданатын саяси заңдардың, шешімдердің барлығына ықпал ете алады. Яғни, бұл болашақтағы саяси узурпацияны жоятын, оған тоқтау қоятын нақты қадам. Мысалы, билікке келген адам «Бір-ақ рет Президент болам, осы 7 жылда бүкіл ойлағанымды, жұртқа берген уәдемді орындап шығуым керек» деген мақсатпен келуі керек», - деді саясаттанушы.

Сонымен бірге А. Сарым елімізде тұтас сайлау жүйесі өзгеретінін атап өтті. Бұрын аудандық мәслихат, қалалық мәслихаттар партиялық тізіммен сайланатын болса, алдағы сайлауда олардың барлығы жекелеген азаматтардың сайлауға түсуін қамтамасыз етеді.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Президент мандаты ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді және биыл күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынды.