Айдос Сұлтанғали: Олимпиадада ел намысын қорғасам деймін

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сыр өңірінің саңлағы Айдос Сұлтанғали Мажарстанда өткен күрес түрлеріне әлем біріншілігінде грек-рим күресінен қола жүлде алып қайтты. Халықаралық деңгейдегі спорт шебері осылайша Қазақ елінің намысын абыроймен қорғады. Белгілі балуанды ҚазАқпарат тілшісі әңгімеге тартқан еді.

- Айдос, жанкүйер алдымен сен жайлы кеңінен білгісі келеді. Боз кілемге қашаннан бері қадам бастың? Бүгінге дейін қандай жетістіктерге қол жеткіздің?

- Мен 1996 жылы дүниеге келдім.  2006 жылы күрес әліппесін аштым. Ол кезде 2 сыныпта оқитын едім. Бала кезімде талай бәсекеде боз кілімге шықтым. Оның бәрін айта бермей-ақ қояйын. Беріде одан да үлкен жетістіктерге қол соза бастадым.   2015 жылы жасөспірімдер, 2016 жылы жастар арасындағы Азия чемпионы болдым. 2017 жылы жабық кешендегі Азия ойындарының жеңімпазы атандым. Биылғы әлем біріншілігінде 60 келі салмақта сынға түсіп, жүлдегерлер қатарынан көрініп қайттым.

- Әрбір спортшының өзіне тән дағдысы бар. Оны көпшілік біле бермеуі мүмкін. Боз кілемге шығарда ойыңда не болады? Не жайлы ойлайсың?

- Біріншілікке баратынымды естігенде толқығаным рас. Әлем біріншілігіне кілең мықтылар келеді. Ондай сында ел намысын абыроймен қорғау оңай емес. Ерекше жауапкершілік жүктеледі. Мен сондай сезімді бастан кештім. Сосын дайындығымды пысықтадым. Айла-тәсілімді ойша жоспарлап қойдым. Кілемге шыққанда ол ойлағаның кәдеге жарамай қалуы ғажап емес. Қарсылас та құр босқа келмесі анық. Ол да әдіс-тәсілін ыңғайлайды. Босаңсыған сәтте тап басады. Мұндай сәтте ойдың ұшқырлығы қажет екені белгілі. Мен жарыстың ешбірін бөліп-жармаймын. Әрбіріне тыңғылықты дайындалуға тырысамын. Ал әлем біріншілігінің жөні бөлек.

Бапкерім қаншама шәкіртінің арасынан маған таңдау білдірді. Осының өзі әрбір спортшыға үлкен жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Жетістігіңмен жанкүйерді қуантқың келеді. Қуаныштысы, әлем біріншілігінен құр қайтқан жоқпын. Қоржынға қола салдым. Бұл алдағы толағай табыстарға жетелейтін жеңісті жол болады деп есептеймін. Айта кетерлігі, менің бапкерім Ермек Көкетов те 13 жыл бұрын осы Мажарстанда әлем біріншілігінде қола жүлде алып қайтқан еді. Бапкерімнің сол жетістігін қайталай алғаныма шүкірлік етемін. Алда мен бағындыратын талай белестер бар деп санаймын.

- Біріншілікке барардан бұрын жақындарың қандай қолдау көрсетті? Олар қандай тілегін білдірді?

- Қазақ баласымыз ғой. «Батамен ер көгереді» дегенді санамызға сіңіріп өскен ұрпақпыз. Қай кезде де ата-анамның қолдауын ерекше сезінемін. Батасын алып шығамын. Ата-ана тілегі, дұғасы әрдайым қабыл болады емес пе? Жол бойы абырой биігінен көрінуді сұраймын. Дүйім жұрт алдындағы жауапкершілікті де бір сәт естен шығарған емеспін. Осының барлығы өзімді дайындауға, қайрауға көмектеседі.

- Күрестің бұл түрін таңдауыңа кім әсер етті? Спортқа сені кім жетелеп еді?

- Ұл бала қашанда әкесін идеал етіп өседі. Ол кісінің сөзін жерге тастамаймын. Әрбір айтқаны бізге заң. Әкем алғашқыда мені каратэге бергісі келді. Бала кезімнен бірге өскен Бағдат пен Ислам атты достарым грек-рим күресіне баратын еді. Әлбетте, олар мені өздері айналысатын спортқа шақырды. Достарыммен бірге болуды көңілім қалағанымен, әке сөзінен аттап кетуге болмайтындықтан үйге келіп жағдайды баяндадым. Әкем де көп ойланбады. Бірақ, маған қоятын шарты бар еді: «Балам, егер шынында осы спорт түріне барамын деп шешсең, қарсылығым жоқ. Оны жарты жолдан тастап кетпей, белгілі бір жетістіктерге жете аламын десең, рұқсатымды бердім», - деді. Осыдан кейін менің әлсіздік танытуға құқым жоқ екенін түсіндім.

- Мажар елінде өткен әлем чемпионатына қалай жолдама алдың?

- Биыл Қазақстан чемпионатының үшінші орын жеңіп алдым. Басқа да жарыстарда өзімді көрсетуге тырыстым. Аға жаттықтырушым осыны байқаған болса керек, әлем біріншілігіне мені лайықты деп таныды.

- Боз кілемге шығар алдында қандай сезім болды? Жарыс барысында ше?

- Салмақ қуу үшін тамақты аз мөлшерде жейтінмін. Уақыт тақағанда онша тәбетім де болмады. Оның үстіне осындайда ұйқының да ұстатпайтыны бар. Жатар алдында арманға берілесің. Одан кейін қандай айла қолданатыныңды пысықтайсың. Көптеген көңіл-күйді бастан өткергеніңмен, спортшы тағдыры аздаған уақытта шешіліп қояды.

Соңғы бәсекем солтүстік кореялық спортшымен болды. Шынымды айтсам, үшінші орын үшін талас басқасына қарағанда өте қиын өтті. Себебі, бұл шайқаста жеңіліс тапсаң жүлде жоқ. Жеңген адам чемпиондықты алғанмен пара-пар. Бірінші немесе екінші орын үшін спортшылар бұлай қиналмайды деп ойлаймын. Сондықтан болар, кореялық спортшы да бар күш-жігерін салды. Боз кілемге шықпас бұрын бір-екі тәсілдер жасап ұпай жинап алу жоспарымда бар еді. Бірақ мен ойлағандай болмады. Десек те, қарсыласты қапы қалдыру қолымнан келді, шүкір.

- Мұндай сәтте отбасының қолдауы маңызды екені түсінікті. Отбасыңы туралы айта кетсеңіз... Олар қандай сезімде болды екен?

- Үйде әкем, анам және үш апам бар. Отбасының кенжесі де, ер баласы да мен. Осыған дейінгі күрестеріме үйдегілер аса мән бермейтін. Достарыммен барып, нәтижесін айтып келетінмін. Ал осы додада ата-анам қатты қобалжығанын білемін. Тікелей эфирден тамашалапты. «Өзімізді қоярға  жер таппадық. Тақым қысып, не болар екен деген ой жанымызды жеп бітті. Бірнеше минуттық арпалысың ұзаққа созылғандай болды. Эфирді көрмей-ақ, не болғанын соңынан бір-ақ білген дұрыс екен. Ұтқаныңды көргенде жылап та алдық», - деп алған әсерлерімен бөлісіп жатыр.

- Алда қандай жоспарың бар?

- Келер жылы Токиода болатын Олимпиадаға жолдамасына бақ сынап, соны алсақ, аталмыш беделді бәсекеде ел намысын абыроймен қорғасақ деймін. Уақыты келгенде белгілі талантты шәкірттер баптап, Олимп шыңын бағындыратын чемпиондар тәрбиелесем деген ойым бар.

Бұдан бұрын Айдос Сұлтанғалидың Мажарстанда өткен әлем біріншілігінде жүлдегер атанғанын хабарлаған едік.