Айдос үйтас қорымы
12:23, 08 Мамыр 2009
Айдос үйтас қорымы – қола дәуірінің орта және соңғы кезеңінен сақталған ескерткіш. Қарағанды облысы Ұлытау ауданының Өткелбай бөлімшесінен оңтүстік-батысқа қарай екі шақырым, Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай елу шақырым жерде, Кеңгір өзенінің сол жағалауында орналасқан.
Ескерткішке 1983-1984 жылдары Э.Усманованың, 1997 жылы Ж.Құрманқұловтың жетекшілігімен Орталық Қазақстан археологиялық экспедициялары зерттеу жүргізген. Қорымның шығыс жағындағы қоршауларға қола дәуірінің Нұра кезеңінің біздің заманымыздан бұрынғы ХІ-ХІІІ ғасырлардың адамдары өлгеннен кейін өртеліп, күлі көмілген. Қабірден көзе, құрбандыққа шалған мал сүйектері табылды. Қорымның батыс бөлігінен Беғазы ? Дәндібай мәдениетіне жататын обалар ашылды. Көпшілігі тоналған.
Жақсы сақталған обадан бірінің ішіне бірі салынған үш қоршау зерттелді. Сыртқы қоршауы 4-5 қабат етіп тастан қаланған, көлемі 6,4х6,2 метр, биіктігі 0,5 метр. Шығыс қабырғаның ортасынан есік жасап, дәліз салған. Ұзындығы екі метр, ені бір метр. Екінші қоршау да тастан салынған, дөңгелек пішінді. Диаметрі 4,8 метр үшінші қоршаудың дөңгелек тас қабырғалары қырынан қаланған. Мәйітпен бірге көзе күйдіргенде астына қоятын екі дөңгелек жұқа тас, қыш ыдыс, бірнеше жылқы қабырғасы, екі жүзді қола қанжар, сүйек жебе ұшы, көзелер, тағы басқа дүниелер табылды. Қорым қола дәуіріндегі адамдардың сәулет өнерінен, жерлеу салты мен материалдық мәдениетінен тың мағлұмат береді.