«Биыл Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толады. Еліміздегі ұлтаралық татулық пен бейбітшілікті сақтауда негізгі ұйым болып саналатын Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл, сондай-ақ Конституцияның қабылданғанына да 20 жыл толып отыр. Осы орайда мен мерейлі мерекелерге байланысты Қазақ хандығының 550 жылдығы мен ҚХА 20 жылдығына арналған туларды және еліміздің көк байрағын ғарышқа алып ұшамын», - деді ғарышкер. Сонымен қатар Айдынның кенже қызы Даяна әкесіне өзі жақсы көретін ойыншығын тарту еткен, деп жазады «Егемен Қазақстан». «Өзім өте қатты жақсы көретін ойыншығымды әкеме сыйладым. Ғарыш сапарына аман-есен барып келуін тілеймін. Болашақта мен де ғарышкер болсам деп армандаймын», - дейді Даяна.
Осыған дейін хабарлағанымыздай , құрамында қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов бар ХҒС аттанатын экспедициясымен «Союз ТМА-18М» басқарылатын кораблін ұшыру 2 қыркүйекте Байқоңыр ғарыш айлағының Гагарин алаңынан Астана уақыты бойынша сағат 10.37-де жоспарланған. Сондай-ақ Айдын Айымбетов ғарышта ұлттық тағамдармен тамақтанады.