деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Алматы қаласы бойынша қаржы полициясы агенттігінің департамент бастығының 1-ші орынбасары Айдын Жантелеевке қатысты қылмыстық қудалау оның әрекеттерінде қылмыс құрамы болмағандықтан қысқартылды. Оған ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлері тарапынан жіберілген өрескел заң бұзушылықтар негіз болды. Атап айтқанда, куәгерлердің қатысуы А. Жантелеевті нақты ұстағаннан кейін 20-30 минут өтіп барып қамтамасыз етілген. Сонымен бірге қылмыстық-процессуалдық заңның талаптарына қайшы келетіндей оны ұстаған кезде қатысқан куәгерлердің біреуі ҰҚК органы қызметкерінің туысы екендігі анықталды. Процессуалдық актілер сот ісін жүргізу тілінің конституциялық қағидаларын бұзумен толтырылған" дейді ҚР Бас прокуратурасының департамент бастығы Күзелбек Ноғайбеков. Оның айтуынша, ҰҚК қызметкерлері қылмыстық істі тергеу реті жағынан ҚІЖК нормаларын өрескел бұзған. Бұл бап ішкі істер органдарының анықтауына жатады. Сондықтан, шұғыл тергеу амалдары өткізілгеннен кейін тергеу ретімен прокуратураға жолдануға тиіс еді. Бас прокуратураның тергеу тобы жүргізген кешенді комиссиялық сот-есірткі сараптамасы, А. Жантелеев есірткі дертіне шалынбаған деп таныды. ҰҚК қызметкерлерімен аталған оқиғаға қатысы жоқ 4 азаматқа қатысты негізсіз арнайы құралдар қолданған. Олар заңсыз түрде наркологиялық зерттеулерге, жеке тінтуге күштелген және заңсыз ұсталынып ҰҚК Департаментінің ғимаратында қарашаның 5-інде 23 сағат 40 минуттан келесі күнгі таңғы 7-ге дейін болған. Лаузымды өкілеттіктерін асыра пайдаланғандығы үшін Бас прокуратураның тергеу тобы ҰҚК қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, ірі мөлшерде есірткі заттарын (гашиш) заңсыз иемдену, сақтау және өткізу жөнінде Мұхтар Тағаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, оларды тергеу ішкі істер органдарына тапсырылды.