Қазақстан бітімгершілік операциялар орталығы баспасөз қызметінін мәліметінше, бұл күн әлем бойынша қызмет етіп жүрген бітімгерлердің жан қиярлықтарына алғыс білдіруге үндейді.
«Қазақстан тұрақтылық пен қауіпсіздікті жақтайтын ел. Осы бағытта атқарылып жатқан істің бірі бітімгерлік миссиясы. Соңғы 16 жылда Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі 7 бітімгершілік миссиясына 600-ден астам қазақстандық әскери қатысты. Олар келісілген мәміле аясында жауапты аймақтарды күзетеді, жол тосқауылдарын ұйымдастырып, бейбітшілік келісімдерінің сақталуын қамтамасыз етеді», - деп хабарлады ведомстводан.
Қазір қазақстандық бітімгерлер ротасы Голан жоталарында. Қарулы күштердің әскери жасағының құрамында 139 әскери қызметші бар. Солардың бірі дәрігер Ардақ Күртібаева.
«Әйел адамның бітімгерлік миссияға қосар үлесі зор. Жергілікті халықпен тезірек тіл табысуға ықпал ете алады. Қазір Голан жотасында бітімгерлік операциясына қатысып жатырмын. Миссияның процесі өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Әр сарбаз өзінің міндетіне мінсіз атқаруы керек. Психологиялық, физикалық тұрғыда да мықты болғаны абзал», - дейді Ардақ Күртібаева.
Айта кетейік, қазақстандық бітімгерлер Голан биігіне наурыз айында аттанған болатын.
Қазіргі уақытта Батыс Сахарада 6, Орталық Африка Республикасында 2, Конго Демократиялық Республикасында 2, Ливанда 9 офицер БҰҰ-ның миссияларында қызмет етіп жүр. Голан биіктеріне 139 қазақстандық әскери қызметші жіберілді.
Олар онда миссия мандатына сәйкес, қарама-қарсы тараптар арасында атысты тоқтату режимін қолдау жөніндегі міндеттерді орындайтын болады.