«Әйел бақыты» бағдарламасы эфирге шығуын тоқтатады
Бұл туралы бағдарлама жүргізушісі Ләйлә Сұлтанқызы әлеуметтік желіде мәлім етті. Жүргізуші бұл шешімнің арна басшылығы мен шығармашылық топтың ортақ шешімі аясында қабылданғанын және бағдарламаның кез келген әйел тағдырына бей-жай қарамағанын, ел арасында танымалдылық пен жоғары рейтингке ие болғанын баса айтты.
«Төрт жылдың ішінде «Әйел Бақытында» 1000-ға жуық эфир көрермендер жүрегіне жол тартып, 3000-ға жуық кейіпкер қатысты. Соңғы жылдың өзінде жобаның арқасында 40-қа жуық әйел жұмыспен қамтылды. Жүзге жуық кейіпкерге қаржылай көмек көрсетіліп, кейбіреуіне әлі күнге дейін көмек беріліп келді. 20 ана баласына сапалы әрі заманауи медициналық көмек алды. Жоба аясында 10 балаға мектеп формасы мен демалыс лагеріне жолдама берілді. 3 кейіпкеріміз толығымен алкоголизмнен айықты. 2 әйел жасанды жолмен ана бақытын сезінді. 50 әйел әлеуметтік көмек алып, өз кәсібін ашты. 70 әйел отбасын сақтап қалды. «Жар-Жар» айдары бойынша 4 жұп қосылды. Бұл бағдарлама арқылы анасы мен қызы 27 жылдан кейін қауышты. «Үлгілі отбасы» айдарына еліміздегі ең берекелі 150 отбасы шақырылып, бақытты болудың сырымен бөлісті», - деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы.