«Әйел беделін қалай арттыруға болады?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 8 наурыз, сенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 8 Наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Қазақстан әйелдер қоғамдастығының бір топ өкілдерімен кездесті. Жыл сайын дәстүрлі түрде болып келе жатқан «Көктем шуағы» атты осынау кездесуде Президент әйелдер қауымын мерекелерімен құттықтап, олардың еңбектеріне табыстар тіледі. Осы жайт арқау болған мақала ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Аналар - асыл жандар, шуақ боп шашылғандар!» деген тақырыппен берілді. сылымның жазуынша, кездесуге экономиканың, мәдениеттің, әлеуметтік саланың және мемлекеттік қызметтің түрлі секторларының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Өзінің құттықтау сөзінде Елбасы: «Сіздер арқылы мен еліміздің барлық әйелдер қауымын құттықтап, денсаулық, отбасында бақыт және татулық тілеймін. Экономиканың түрлі салаларында, әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен бизнесте жұмыспен қамтылғандардың 52%-ынан астамын әйелдер құрайды. Олар депутаттардың, басшылардың арасында да көп, ал мемлекеттік қызметшілердің тең жартысынан астамы - әйелдер. Осылайша, олар көптеген шешімдерді қабылдауға атсалысады. Сол үшін менің алғысымды қабыл алыңыздар», - деді.

Киносүйер қауымға «Қазақфильм студиясы» биылғы прокаттық маусымды «Елес қуған сайыпқыран» атты фантастикалық фильммен ашқанын біледі. Аталмыш картинаның ұлттық кинематография үшін жаңалықтары көп. Қазір үлкен экранда жүрген картина заманауи шешімдерімен, каскадерлік шеберліктерімен көрермендерін тауып отыр. Бұл фильмге Кристанна Локен («Терминатор-3: Көліктер көтерілісі») және Арманд Ассанте («Одиссея», «Гангстер») сияқты голливудтық жұлдыздардың түсуге келісім беруі кездейсоқтық емес. Ең бастысы, Санта Моникада өткен кинорынокта осынау экшнды әйел адам түсіргенін білгенде кинопрокатшылар таңданыстарын жасырмаған. Ал сценарий авторы әрі фильм режиссері - қазақ қызы Марина Қонарова болатын. Түсіру алаңында «Тигр» деген лақап атқа ие болған режиссермен арадағы сұхбатты «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі нөмірінде «Түсіру алаңында түсініксіз мистикалық оқиғалар бола береді» деген тақырыппен беріп отыр. Басылым тілшісінің экшн жанрына баруға не түрткі болды деген сауалына жауап берген ол: «Шындап келгенде, қазақстандық кинематографияда таптаурын болмаған жолға түсіп көру үшін осындай тәуекелге бардық. Ерекше бір туынды жасағымыз келді. Көрермендерімізді таңғалдыру үшін жаңа технологияларды пайдалана отырып, фантастикалық экшн түсіруге бел байладық және осы арқылы әлемдік стандартқа аздап болса да жақындамақ едік. Мәселе мынада, ендігі жерде біздің фильмдерге голливудтық блокбастерлермен бәсекеге түсуге тура келеді. Қанша дегенмен, біз әлі де кейбір киножанрларды үйренуге ұмтылып, соны қадамдар жасауға тырысып бағудамыз. Осы талпыныстарда «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы режиссерлерге үлкен мүмкіндіктер туды¬ра бастағанына қуанамын. Мұның отандық киноның дамуында маңызы өлшеусіз», - дейді. ***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Раушан Сәрсембаевамен арадағы сұхбат «Еркектерді аласартпай, әйелдерді көтерейік!» деген тақырыппен беріліп отыр. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұшымды жауап берген ол әйелдер ең алдымен жолдасының жары, балаларының анасы, одан кейін ғана кәсіпкер, іскер әйел, саясаткер екендерін ұмытпаулары керектігін баса айтады. «Әрбір әйелдің өз өмірінде дүниеге бала әкелу, ұрпақ тәрбиелеу, нәзік те биязы болу, айналасындағыларға жылылық сыйлау секілді ерекше қасиеттерді сақтап қалуы өте маңызды. Бұл ер азаматтарға бұйырмаған бақыт. Естеріңізде болсын: бізді ер-азаматтардан ерекшелейтін қасиеттер мықты ете түседі, былайша айтқанда, біздің қуатымыз - әлсіздігімізде. Тек бір-бірімізге ұқсамайтындығымыздан, өзіндік ерекшелігіміздің арқасында ғана бір-бірімізге қызықтымыз. Егер әйел заты өзін ер азамат секілді өктем ұстап, дөре¬кілікке жол беретін болса, қасындағы адамдардың барлығын қашырып жібереді. Сонда ғана отбасында береке болады», - деді ол.

«Әйел беделін қалай арттыруға болады?». Дәл осы сауалнама «Айқын» газетінің сенбілік санында елімізге есімі танымал бірқатар азаматтардың арасында жүргізілген. Мәселен, осы сауал төңірігенінде ой бөліскен қоғам қайраткері Дос Көшім ер адамның міндеті - түзде жұмыс істеу, ақша табу, отбасын асырау, әйелдің міндеті - бала бағу, ошақ отын түтету деген көзқарасын білдіреді. Ал жазушы Талғат Айтбайұлы «Әйелдің ең басты міндеті - әйел болу. Ерінің көмекшісі бола білген әйел, елінің де жоғын жоқтап, мұңын мұңдай біледі, қамқоршысы бола алады. Бірақ біздің қоғамда әйел қауымы біз күткендей деңгейден көріне алды ма? Меніңше, жоқ. Әрине, бәріне бірдей топырақ шашуға болмас. Бірақ көп жағдайда, арақ ішіп, темекі тартып, жеңіл жүріске салынып, бір-бірімен жұлысып жататын нәзік жандар баршылық», - дейді.