Әйел босанар кезде күйеуінің қолдауы маңызды — акушер кеңесі
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Халықаралық акушерлер күні. Соған орай «Бүгін LIVE» студиясына акушер маманы қонақ болып, өз саласының қыр-сырын түсіндірді.
— Көбіне адамдар акушер мен гинекологті жиі шатастырып жатады. Бұл екеуінің жұмысы тығыз байланысты болғанымен, екеуі екі түрлі қызмет атқарады. Гинеколог — ол әйелдің репродуктивті жүйесінің ауруларын анықтап, оны емдеп, алдын алу шараларын жүргізумен айналысады. Олар амбулаториялық қабылдау жасайды. Ал акушерлер жүкті әйелге қолдау көрсетіп, босану барысында және босанғаннан кейін кәсіби көмектесетін маман, — дейді Эльмира Ниязбекова.
Маман күніне 10-12 баланың дүниеге келуіне көмектеседі екен. Ол әр сәби дүниеге аман-сау келген сайын өзімді ерекше сезінемін дейді.
— Босанып жатқан әйелге акушердің қолдауы өте қажет. Себебі әйел босануға келгенде қатты уайымдап келеді. Сол кезде акушерлер сабырлық танытып, босанарда ауырсынуын жеңілдетуге жәрдемдесіп, мазасыздығын азайтады. Мен әйелдерге дауыс көтермеуге тырысамын. Себебі бұл әйел мен медициналық қызметкерлердің арасында сенімділікті арттырады. Баланы босандырып, оны анасының үстіне жатқызып, баланың шырылдаған дауысын естіген кезде өзіңді керемет бір жақсылық жасағандай ерекше сезінесің, — дейді акушер.
Эльмира Ниязбекова босануға келген әйелдерге маман ретінде ақыл-кеңесін айтты.
— Босануға келетін әйелдер жүктілік кезінде дайындалып, тренингтерге қатысып, түрлі ақпарат алып, дәрігерлермен кеңесіп келгені өте маңызды. Дайын әйел, сабырлы әйел — ол сәтті босанудың кепілі, — дейді ол.
Оған қоса акушер босанып жатқан әйелге жолдасының қолдауы үлкен күш-қуат сыйлайтынын айтады.
— Босану сәтінде қасыңда жарыңның болғаны адамға моральдық тұрғыдан көп көмектеседі. Қатты ауырсыну кезінде әйелдің назарын аударуға жәрдемі тиеді. Жалпы жас қыз-келіншектердің үлкен жастағы әйелдерге қарағанда босануы жеңілірек өтеді. Үлкен әйелдердің сүйегі қатып қалады. Олардың өзіндік қиындықтары бар, — дейді маман.
Айта кетейік, жақында Қостанайда салмағы 7 келі сәби дүниеге келді.