Әйел ерінен қандай жағдайда ажырасуға құқылы? - ҚМДБ

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесінің отырысы өтіп жатыр. Келелі кеңес барысында қоғамдағы күрделі мәселелердің бірі - талаққа (ажырасуға) байланысты арнайы пәтуә шығарылды. Бұл туралы бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады.

«Қазіргі таңда талаққа (ажырасуға) қатысты кейбір мәселелер елімізде дауға айналып отыр. Шариғатта талақ ету билігі ер кісіге берілген. Алайда белгілі бір себептер негізінде әйелдің қазиға шағымдануы арқылы да ерінен ажырасуына рұқсат беріледі. Әйелдің немесе туыстарының қазиға жүгіне отырып, ерінен мынадай жағдайларда ажырасуына құқығы бар:

1. Күйеуі белсіздік, СПИД секілді айықпас қатерлі дертке шалдыққанда; 2. Ері әйеліне нәпақа тауып бере алмаған жағдайда; 3. Күйеуі отбасын себепсіз ұзақ мерзімге тастап кеткен жағдайда; 4. Ері әйелін ұдайы денесіне із қалдыратындай ұрып-соғатын болса; 5. Ері төрт ай немесе одан да көп уақыт әйеліне жақындамауға ант ішіп, сол уақыт аралығында мүлдем жақындамайтын болса; 6. Ері әйелін «зина жасады» деп немесе «мынау менің балам емес» деп айыптап, іс қазидың құзырында қаралып, қази бір-біріне лағынет айтқызғанда; 7. Ері әйелін қараусыз қалдырып, әйеліне талақ берместен себепсіз ұзақ уақыт әурелесе.

Міне осындай жағдайлар негізінде қазиға әйел немесе туыстары шағымданған кезде қази ерлі-зайыптылардың арасына араласып, мәселенің анық-қанығына көз жеткізген соң шешім шығарады», - делінген Ғұламалар кеңесі шығарған пәтуада.

Сонымен қатар, шешім бойынша бойынша бірқатар ескертулер жарияланды. Яғни, екі жақтың туыстары ерлі-зайыптыларды татуластыра алмаған жағдайда ғана қазиға жүгінеді және қази қызметін ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі атқарады.

Ғұламалар Кеңесінің ІX отырысына ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, Аппарат жетекшісі Ғылымбек Мәжиев, ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров, Алматы қаласының бас имамы Нұрбек Есмағанбет, Маңғыстау облысының бас имамы Смайыл Сейітбеков, шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Құрбанұлы, теолог-ғалымдар, ғылым докторлары - Шәмшидин Керім, Мұхитдин Исаұлы, Алау Әділбай, Мұхан Исахан, Бауыржан Әлиұлы қатысуда.

Кеңес жұмысы бүгін аяқталады

Айта кетелік, ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің басты міндеті - қазіргі таңда қоғамда туындап жатқан жаңа мәселелерге шешім, пәтуа шығарып, діни сауаттылықты арттыру.