Әйел курьерлерге құқықтық әрі психологиялық көмек көрсетіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Yandex Qazaqstan компаниялар тобы және «Іскер» қолдау орталығы» қоғамдық қоры әйел курьерлерге әлеуметтік қолдау көрсету тетіктерін дамытуға бағытталған үшжақты өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.

Фото: Pexels

Құжатқа ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Аскарбек Ертаев, «Yandex Qazaqstan» компаниялар тобының басшысы Тимур Шалекенов және «Іскер» қолдау орталығы» қоғамдық қорының директоры Толқын Саметова қол қойды.

Қазір адамдардың табыс табу тәсілі де өзгеріп келеді. Соның бірі — цифрлық платформалар арқылы жұмыс істеу. Мұндай еңбек түрі Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі. Мемлекет жаңа форматта жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік қорғалуын күшейту бағытында тиісті жұмыстар жүргізіп келеді.

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

— Жаңа жоба — қиын немесе дағдарысты жағдайға тап болған әйел курьерлерге нақты көмек көрсетуге бағытталған. Негізгі мақсат әр отбасының жағдайын жеке қарастырып, әйелдерге қажетті қолдау мен тиісті қызметтерді алуға көмектесу, — делінген хабарламада.

Меморандум аясында тараптар өздерінің мүмкіндіктері мен тәжірибесін біріктірмек. Бірлескен жұмыс бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда, әйелдердің құқықтық және қаржылық сауатын арттыру, мемлекеттік әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпарат беру, қажетті әлеуметтік қызметтерді алуға жәрдемдесу, білім беру және ақпараттық бағдарламаларға қатысуына көмектесу көзделіп отыр. Қажет болған жағдайда әйелдерге құқықтық, психологиялық және гуманитарлық көмек көрсету, қолданыстағы тәртіп пен ұйымдардың мүмкіндігіне қарай медициналық көмек алуға жәрдемдесу мүмкін де қарастырылған.

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Көмектің нақты түрі мен көлемі әр адамға жеке белгіленеді. Бұл ретте әйелдің өмірлік жағдайы, отбасының қажеттілігі және жобаның талаптары ескеріледі.

Еңбек министрі нарық өзгерісіне сай жаңа жұмыс түрлерін жетілдіру азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыруға және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге негіз болатынын атап өтті.

— Бүгінде еңбек саласы жаңа өзгерістер кезеңін бастан өткеріп отыр. Мемлекеттік саясат та осы үдерістерді назарға алып, соған сай бейімделуі қажет. Біздің басты міндетіміз азаматтардың қандай қызмет түрімен айналысатынына қарамастан, заң аясында жұмыс істеп немесе табыс тауып жүрген әр адамға түсінікті әрі қолжетімді қолдау тетіктерін қалыптастыру. Бұл бастама мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері мен қоғамдық ұйымдардың өзара ынтымақтастығы арқылы нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге болатынын көрсетеді. Әңгіме кәсіби қызметі мен отбасылық міндеттерін қатар атқарып жүрген әйел курьерлерге қажетті жағдай жасау және оларды қолдау туралы болып отыр. Қиын жағдайға тап болған кезде тиісті көмекке жедел қол жеткізу үшін қайда жүгіну керегін білу аса маңызды, — деді Асқарбек Ертаев.

Yandex Qazaqstan компаниялар тобының басшысы Тимур Шалекенов цифрлық платформалар арқылы қызмет көрсететін азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету тетіктерін жетілдіру компанияның басым бағыттарының бірі екенін жеткізді.

— Цифрлық сервистер мен икемді жұмыс форматы азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Алайда қиын жағдайға тап болған кезде қажетті әлеуметтік қолдаудың дер кезінде көрсетілуі де айрықша мәнге ие. Осы жоба аясында Еңбек министрлігі «Іскер» қорымен бірлесіп, әйел курьерлердің қажетті ақпарат пен нақты көмекке уақытылы қол жеткізуіне жағдай жасауды көздеп отырмыз, — деді Тимур Шалекенов.

«Іскер» қолдау орталығы» қоғамдық қорының директоры Толқын Саметова қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсету кезінде әр адамның қажеттілігі мен жағдайын жеке қарастыру қажет екенін айтты.

— Әлеуметтік көмек ең алдымен адамның нақты жағдайын түсінуден басталады. Жоба аясында әр қатысушымен жеке жұмыс істеп, оның қажеттілігіне қарай қандай қолдау қажет екенін анықтауды жоспарлап отырмыз. Қордың құқықтық, психологиялық және гуманитарлық көмек көрсету тәжірибесі әйелдер мен олардың отбасыларына нақты қолдау көрсетуге мүмкіндік береді, — деді ол.

Жоба әзірге пилоттық тәртіпте жүзеге асырылады. Оған Yandex Go мобильді қосымшасындағы «Тамақ», Lavka және «Жеткізу» сервистері арқылы тапсырыс орындайтын әйелдер қатыса алады. Ол үшін әйел курьерлер кемінде төрт апта бойы осы сервистерді пайдалануы керек. Сонымен қатар, қатысушының қиын немесе дағдарысты жағдайда болуы ескеріледі.

Өтініштерді іріктеу кезінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматшаларға басымдық беріледі. Олардың қатарында балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған және көпбалалы аналар, мүгедектігі бар тұлғалар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды бағып отырған аналар, сондай-ақ ауыр науқас отбасы мүшесіне күтім жасайтын жандар бар. Аталған санатқа жататын азаматтардың әр өтініші жеке тәртіппен бағаланады және әр жағдайдың ерекшелігі ескеріледі. Бұл ретте азаматтың өмірлік ахуалы, отбасының қажеттіліктері және жоба талаптарына сәйкестігі негізге алынады.

Қатысу шарттары мен өтініш беру тәртібі туралы толық ақпаратты Yandex Pro мобильді қосымшасындағы «Ынтымақтастық туралы негізгі ақпарат» бөлімінен, «Әйел курьерлерге көмек» мақаласынан білуге болады. Қосымша ақпаратты тиісті сервистің қолдау қызметінен де алуға мүмкіндік бар.

Жоба әзірге пилоттық режимде іске асырылады. Нәтижесінде тараптар азаматтардың қолдау шараларына қажеттілігін зерделеп, ұсынылатын көмектің іс жүзіндегі тиімділігін бағалайды. Осы тәжірибе кейін жобаны жетілдіріп, қолдау тетіктерін кеңейтуге негіз болмақ.

Министрлік еңбек саласындағы жаңа үрдістер мен қолданыстағы заңнама талаптарын ескере отырып, азаматтарды жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдауды күшейтуге бағытталған тиімді тетіктерді жетілдіруді жалғастырады.

Еске сала кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Алматыда қолындағы кішкентай баласымен курьер қызметіне кірген әйелдің оқиғасынан кейін елімізде курьер қызметіне қабылдаудың бірыңғай қағидасы қабылданатынын айтқан болатын.