«Әйел - өмір тірегі»- республикалық басылымдарға шолу
***
Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық әйелдер қауымы арасынан еліміздің іші-сыртында өмірдің әр саласы бойынша қилы-қилы табыстарға жетіп жүрген бір топ аруларды 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай қабылдады. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Әйел - өмір тірегі» деген тақырыппен мақала басылды. Басылымның атап өтуінше, аруларды жылы жүзбен қарсы алып, мерекелерімен шын жүректен құттықтаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев олар арқылы барлық қазақстандық әйелдерді, ақ жаулықты аналар мен халқымыздың сүйікті, сүйкімді қыздарын құттықтап отырғанын ескертті. «Бүгінгі күні денсаулық сақтау саласы мен білім беру жүйелерінде әйелдердің үлесі 90 пайыз. Шағын бизнесті қолдауға бөлінген несиелердің 40 пайызын да әйелдер алады. Қалай десек те, әлемді ер азаматтар билегенімен, ерді әйел билейді. Бірақ ер азаматтар әйелге күрделі қызметтерді жүктегісі келмейді, осының өзі дұрыс емес. Өзімнің өмірлік мол тәжірибемнен байқағаным, ер азаматтар дұрыс атқара алмаған шаруаларды әйелдерге жүктесең әрқашанда тәртіп орнап, жаңа идеялар туып, нәтижесінде жақсы табыстарға қол жеткізіледі», - деді Президент.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова Қостанай облысында екі күндік сапармен болды. Ол алдымен Меңдіғара ауданына барып, аудандық аурухананы, Бірінші май ауылындағы селолық-дәрігерлік амбулаторияны, селолық дәріханаларды аралады. Селодағы денсаулық сақтау ісінің қалай жүріп жатқанын өз көзімен көріп, аурухана ұжымымен кездесті. Мәртебелі қонақ сапарының екінші күнін Қостанай қаласындағы көп салалы аурухананы аралаудан бастады. Ондағы озық технологиямен жұмыс істейтін қымбат шетелдік медициналық құралдарды көрді. Сондай-ақ, министр қалалық перзентхана мен облыстық онкологиялық диспансерге барды.
***
Алматы студенттері кеше ерекше акция өткізіп, шылым шегетін қыздарға темекілерін гүлмен алмастыруды ұсынған. Бұл жайында «Время» газетінде жарық көрген «Для нежных и красивых» деген тақырыптағы мқалада кеңінен баяндалған. Акцияны ұйымдастырушылардың бірі Руслан Малаховтың айтуына қарағанда, соңғы уақытта шылым шегуді сән көретін қыздардың қатары еселене түскен. «Біздің флешмобтың басты мақсаты әйелдерге темекі ұстағаннан гөрі гүлмен әдемі көрінетіндігі еске түсіру. Әрине, біз бір акция ауқымында темекі шегу проблемасының шешілмейтіндігін білеміз, дегенмен бұл жегі құртпен күресті қандайда бір жолдармен бастау қажет қой», - деді ол.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Магнитогорск қаласында өткен плей-офф сериясындағы матч барысында еліміздің «Барыс» хоккей клубы мұз айдынының қожайыны «Металлург» командасына 3:4 есебімен есе жіберді. Келесі ойын ертең елорда төрінде өтпек.
***
ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченко гендерлік теңдікті жақтайды. Бұл жайында «Экспресс-К» газетінде жарық көрген «Пенсион благородных девиц» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. Басылымның атап өтуінше, еліміздің бас банкирінің Дүниежүзілік банк деректеріне сілтеме жасап алға тартқан деректеріне сәйкес елімізде зейнеткерлікке шыққаннан кейін әйелдер 20,5 жыл, ал еркектер 12 жыл өмір сүреді екен. Г.Марченконың пайымынша, бұл әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын 63-ке дейін көтеруге негіз бола алады.