Әйел ота кезінде құрсағында қалып қойған хирургиялық инені жүкті болған кезінде ғана сезген

АСТАНА. 22 шілде. ҚазАқпарат - Британиялық жүкті әйел бірнеше жылдар бұрын жасалған ота барысында ішінде қалып қойған хирургиялық инені байқаған,

деп хабарлайды The Daily Mail .

 26 жастағы Милтон-Кингс тұрғыны Келли Дониган (Kelly Donegan) шамамен жүктіліктің орта мерзімінде ішінің сол жақ бөлігінде аздап шаншу барын сезеді. Бұл жайында ол өзінің дәрігеріне айтқан. Алайда соңғысы ол ауырсынуларға көңіл бөлмеуге кеңес береді. Алайда жүктіліктің жетінші айында британдық әйел қарын терісін хирургиялық ине тесіп шыққанда қатты таң қалған. Дониганның айтуынша, ол бірден 2009 жылы соқыр ішекке жасалған ота туралы еске түсіреді. Әйелдің ойынша, ине оның құрсағына дәл сол ота кезінде қалып қойған болу керек.

 Дониган қайтадан дәрігерге көрінеді, алайда мамандар инені осы кезеңде алып тастауға болмайтынын алға тартады. Жүктілік себептеріне байланысты оған ота жасау түгілі, иненің көлемі мен орналасу жағдайын анықтауға септігін тигізетін рентгенді пайдалануға да болмайды.

 Зерттеу барысында хирургиялық ине ұрыққа еш зақым келтірмегендігі анықталды. Енді дәрігерлер әйел босанғаннан кейін ғана, оның іш қуысынан бөтен денені алып тастау бойынша ота жасайтындықтарын мәлімдеп отыр.