Әйел терең құдықта түнеп шықты (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкент тұрғыны келеңсіз жағдайға тап болды. «Самал» шағынауданының тұрғыны түн ішінде терең шұңқырға құлап қалған.

Шұңқырдың тереңдігі - 7 метр. Арнайы қазылып, жан-жағы бетондалған. Құлаған азаматша қараңғыда байқамай қалса керек. Зардап шеккен әйелдің даусын таңғы 6-дан асқанда далаға шыққан көршілері естіп, көмекке келеді. Дегенмен, терең шұңқырдан өздері шығарып ала алмаған соң құтқарушыларға хабар берген.

Төтенше жағдай департаментінің құтқару қызметі жасағының мамандары оқиға орнына жедел аттанады. Бұған қоса хабар бергендер жедел жәрдем дәрігерлеріне де қоңырау шалған болатын. Құтқарушылар әйелді арнайы альпинистік арқанның көмегімен сыртқа шығарып алды.

Әйел аман. Аяқ-қолы да сау. Аздап денесін ауыртып, жаурап қалған екен, деп хабарлайды Otyrar. кz.