Әйел зорлау әрекеттеріне қатысы болуы мүмкін полиция қызметкерлері қызметтерінен босатылды ? Бас прокуратура

АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов жақында болған қаржы полициясы органы қызметкерлерінің әйел зорлау әрекеттеріне байланысты түсініктеме берді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, қаңтардың 2-сі күні болған оқиға бойынша, қаржы полициясының қызметкерлеріне қатысты арыз берген әйел өзінің арызынан бас тартқан. Ал қосымша прокурорлық тексерулерден соң ол қайтадан арыз беріп, арнайы процессуалдық тексерулерді жалғастыруды сұраған. «Алайда, бұл қылмыстық іс бойынша қажетті деректердің аздығына байланысты іс қозғаудан бас тартылды. Бүгінде бұл мәселе бойынша процессуалдық шешімді елорданың Есіл ауданының прокуратурасы зерттеуде. Ал Астана қалалық қаржы полициясы басқармасы бастығының бұйрығы негізінде бұл іске қатысы бар қаржы полициясының қызметкері қызметінен босатылды», деді ресми өкіл. Оның мәліметтері бойынша, аталмыш орган қызметкерлері тарапынан әйел зорлау әрекеті екінші рет ақпанның 8-і күні орын алды және жәбірленушінің арызы негізінде қылмыстық іс ақпанның 26-сы күні қозғалған. «Бүгінде ол іс әлі қаралуда. Бұл жолғы әрекетке 2 полиция қызметкері қатысты болып отыр. Қазір осы іс бойынша бірнеше сараптау жұмыстары жүргізілуде. Олардың нәтижелері әзірге белгісіз. Ал заңсыз әрекетке қатысты болған қызметкерлер қызметтерінен босатылды. Іс әлі қаралуда. Астана қаласының прокуратурасы істің барысын жіті бақылап отыр», деді С.Нұрпейісов.