Әйелдер 50 жасқа толғанда зейнетақы аннуитетін сатып алу құқығын иеленеді - С. Әбденов

АСТАНА. 22 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті.

Онда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.

Заң жобасын әзірлеу зейнетақымен қамсыздандыру туралы және міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы қолданыстағы әлеуметтік заңнамадағы олқылықтарды жою қажеттігімен байланысты болып отыр. Бұдан бөлек, құжат зейнеткерлік жастағы адамдарды, міндетті әлеуметтік сақтандыруға жататын адамдарды әлеуметтік қорғауға, түптеп келгенде олардың өмір сүру сапасы мен деңгейін жақсартуға бағытталған. Бұл ретте жобаның мақсаты орналасқан жері белгісіз бұрынғы қызметкерлердің міндетті зейнетақы жарналары бойынша берешекті өтеуге байланысты проблемаларды шешу, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады.

«Өзгерістердің бір парасы Үкіметтің әртүрлі нормативтік актілердегі құзыреттерді бір бапқа жинақтауды көздейді», - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов. Оның айтуынша, заң жобасы бойынша әйелдер ең төменгі зейнетақыдан кем емес мөлшердегі төлемді қамтамасыз ету үшін зейнетақы жинақтары жеткілікті болған шақта және 50 жасқа толғанда зейнетақы аннуитетін сатып алу құқығын иеленеді. Еске салсақ, бұндай құқық қолданыстағы заңнамада 55 жас ретінде қарастырылған болатын.