«Әйелдер 63 жасқа дейін жұмыс істейтін болды» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 3 сәуір, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Бәлкім, барымташылардың бұлай батыл қимылдауына жол полициясы, жалпы ауылдағы учаскелік инспекторлардың бейғамдығы да сеп болып отырған шығар. «Бір жыл ішінде оңтүстікқазақстандық жол полициясы қызметкерлері мал ұрлығына байланысты бір-ақ қылмыстың ашылуына көмегі тиіпті» дейді бұл жөнінде облыс прокуроры Ибрагим Иманов. Одан бөлек бірқатар ауыл округтерінің тұрғындарымен сөйлескенде, олардың көбісі өздеріне бекітілген учаскелік инспекторларды мүлдем танымайтыны белгілі болыпты»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санындағы «Полицияда пәрмен болмаса, ұрыдан ұят кетеді» деген материалда. Ұрылардың еркінсіп кеткені сон­шалық Шардара ауданының тұр­ғы­нына тиесілі 40 бас жылқыны жайы­лымнан ұрлап, екі «КамАЗ» көлі­гі­мен сонау Қарағандыға жеткізіп, сатып жіберіпті.

Осы басылымның жазуынша, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының қабылдауына қаңтар айынан наурызға дейін 850 адам әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын, арыз-шағымын айтып келіпті. Тұрмысы төмен, мүгедек жандар көбіне көмек, жеңілдіктер сұрайды. Ақпан айында партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Римма Бектұрғанованың қабылдауына Қостанай ауданының Затобол кентінен келген Марат Бекеновтің өтініші өзгешелеу еді. Ол нұротандықтардан өзінің жеңіл машина алуына көмектесулерін сұрады. Маратты мұқият тыңдаған нұротандықтар оның өтінішін дұрыс деп қабылдады. Марат өткен жылы ауырып, бір аяғынан айырылды. Өзінің екі баласы бар, оның бірі биыл мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына түскісі келеді. Мараттың әйелі де ІІІ топтағы мүгедек. Жұмысқа жарамсыз жандар тек жәрдемақымен ашқұрсақ күн көреді. Бұл туралы «Қарны ашқанға балық емес, қармақ бер» деген ақпаратта берілген.


***

«Айқын» басылымында «Әйелдер 63 жасқа дейін жұмыс істейтін болды» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Қазақстан әйелдеріне 63 жасқа дейін жұмыс істеуге тура келетінге ұқсайды. Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкіметтің кешегі отырысында Министрлер кабинеті әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын ерлермен теңестіруді қарастыратын «Қазақстанда зейнетақыны қамтамасыз ету туралы» және «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақыны қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын мақұлдады. Қазақстан Үкіметі мұндай қадамға ба­руын «Қазақстандағы зейнетақы жүйе­сіндегі қаржылық тұрақтылыққа қол жет­кізу» мақсатымен түсіндіреді.

«Жалаңаш қыздар бұдан былай оқушы дәптерлері мен күнделіктерінде «әбүйірлі жерлерін бұлтитып» тұрмайды! Мәжіліс депутаттары мен Үкімет өкілдері қатысқан жұмыс тобы кешегі отырысында арнайы заңның осыған тыйым салатын бабын түпкілікті мақұлдады. Парламент қарап жатқан «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заңының жобасы басқа да тың жаңалықтарға толы»,-деп жазады «Айқын». Осы жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты А.Смайыл «мектептерде кездесетін ақпараттарда, оқулықтарда, дәптерлерде, күнделіктерде де балаларға зиянды ақпараттар толып жатқандығын» айтады. Жалпы, бұл мәселе заңнама жүзінде тұңғыш рет бекітілгелі отыр. Бұл туралы «Ұятымыз ояна бастады» атты мақаладан оқи аласыздар.

***

«Біз, қазақ, ежелден ел-жұртын «Атамекен» деп дәріптеп, атадан бата алып, аталы сөзге тоқтап, текті атадан тарататын халық едік, бірақ бүгін біздің де көбеміз сөгіліп, тұрмыс-салт, жалпы мәдениетіміз еркектік сипатын жоғалтып, әйелдене бастаған сыңайлы. Мұның мәнісі неде? Бұрын от басы, ошақ қасынан ұзап шығуды әбестік санаған қазақ әйелі қалайша түз адамына айналып үлгерді? Аяғы жеткен жерге дейін сауда жасап кеткен қазақ әйелі отбасына әлі оралған жоқ: қара сан болып мал тауып жүр, білімі мен білігі жеткендер жанталасып мансап қуып та кетті. Бұл жерде кінә кімде?»,-деп жазады «Алаш айнасы» бүгінгі санында. Бұл мәселенің жай-жапсары газетте жарияланған «Қазақ әйелі қара базардан қашан оралады?» атты мақалада баяндалып отыр.

«Халықтың тұрмысын теңестіру қажет. Ол үшін бай-манаптарды бақылау жүйесін енгізу керек. Тұрмысы төмен отбасыларға мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы түрлеріне ауылдық, қалалық деңгейде әділетті бөлініс енгізу керек. Бұл ретте ауылда тұратын отбасылар мен қалалы жерде тұратын отбасылардың еңбек ауыртпашылықтары еленуі тиіс» дейді ҰҒА академигі Камал Ормантаев. Ғалымның қоғамдағы реформалар, ұлттық менталитет, ғылымның, елдің бүгінгі хал-ахуалы төңірегіндегі ой-пікірлерін «Дат» айдарымен берілген «Қазақтың сөзін сөйлейтін азаматтарда қазақтық рух қалмаса, ұлттың бас қайғысы - осы» атты сұхбаттан оқып-білуге болады.