Әйелдер арасында GGG атанған қазақ аруы келесі жекпе-жегі қашан өтетінін жариялады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы Аида Сатыбалдинова кезекті жекпе-жектің өтетін күнін жариялап, барлық жанкүйерлерін Лос-Анжелеске шақырды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Сәлем, достар! Алдағы жекпе-жек туралы ақпаратпен бөлісейін деп едім. 28 сәуір күні Лос-Анжелес қаласындағы "Westin Bonaventure" отелінде сағат 18:00-де менің кезекті жекпе-жегім өтеді. Барлықтарыңызды осы шоуға шақырамын. Мен қатты дайындалып жатырмын. Сондықтан тағы тамаша бір жекпе-жекті көрсетемін деп ойлаймын", - деп жазды А.Сатыбалдинова өзінің Facebook парақшасында.

Оның сөзіне қарағанда, билеттің құны - 55 доллар. Ал бокс кешінен кейін after-party ұйымдастырылады. Сол жерде жанкүйерлерге арнайы сыйлықтар таратылатын болады. 

Айта кетейік, жақында Аида Сатыбалдинова кәсіби бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізген болатын. АҚШ-тың Калифорния штатында өткен бокс кешінде А.Сатыбалдинова жергілікті боксшы Лиза Портермен бокстасты. Төрт раундтың қорытындысы бойынша екі боксшы тең түсті. А.Сатыбалдинова төрешілер шешімімен келіскен жоқ.

Аталған жекпе-жекте GGG-дің бапкері Абель Санчес те болды. Ол боксшы қызбен фотоға да түсті. Осы жекпе-жектен кейін шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары А.Сатыбалдинованы "әйелдер арасындағы GGG" деп атап кетті. Фредди Роуч сияқты танымал промоутерлер де жас қызды байқап қалды.