Әзірге аталмыш бәсекенің екі күнгі қорытындысы еліміз үшін аса қуантарлықтай емес. Жарысқа қатысып жатқан 5 теннисші қыздардың
3-уі осы уақыттың өзінде қатардын шығып қалды. Ең өкініштісі спортшыларымыз қарсыластарына мүлдем қарсылық көрсете алмады десе болады. Нақтырақ айтқанда Әсел Арғынбаева недерландылық Ричел Хогенкапқа 6:0,6:0 есебімен жеңілсе, Александра Гринчишина да ресейлік Весна Манасиеваға осындай есеппен есе жіберді. Камила Рафкат ханым да украиналық Юлия Бейгельмизорға еселеп ұпай жіберді.
Әзірге жанкүйерлерін украиналық Анастасия Василеваны 6:3,6:2 есебімен жеңген Зарина Диас қана қуантып отыр. Естеріңізге сала кетейік, аталмыш бәсеке тамыздың 8-іне дейін жалғасады. Осы күні астананың Ұлттық теннис орталығында финалдық ойындар өтеді. ITF дәрежесі бойынша ерлер мен әйелдер арасында өтетін және бірнеше турнирден тұратын жарыс кәсіби теннис спортының шыңдарын бағындырудағы алғашқы баспалдақтардың бірі десе болады. Онда қол жеткізген жетістіктер Кәсіби теннисшілер қауымдастығының ATP және WTA рейтингтерінде ескерілетін болады.