«Әйелдер арасындағы GGG» атанған қазақ қызы әлем чемпионы болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы Аида Сатыбалдинова (айқасқа дейін 2-0-1) Мексиканың Тихуана қаласында өткен титулдық жекпе-жегінде жеңіске жетті, деп жазады Sports.kz.

Аидаға жергілікті спортшы Анетте Пабельо (айқасқа дейін 0-1-0) қарсылас болды. Олар WBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы белдігін өзара сарапқа салды.

Жеңіл салмақта сегіз раунд форматында өткен кездесуде төрешілер жеңісті бірауыздан Сатыбалдиноваға берді.

Еске сала кетейік, о баста жерлесіміз басқа бір мексикалық боксшымен кездесу өткізуі тиіс еді. Бірақ ол салмақ өлшеу рәсіміне келмегендіктен, оның орнына бұған дейін де (20 сәуірде) Аидадан жеңілген Пабельо рингке шыққан болатын.