Әйелдер футболынан УЕФА-ның 2009/2010 жылғы Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңі өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Тамыздың 3-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ертең әйелдер футболынан УЕФА-ның 2009-/2010 жылғы Чемпиондар лигасының дәрежелік іріктеу кезеңі аяқталады,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

         Ол шілденің 30-ы күні басталған  болатын. Бұл кезеңде  28 команда 7 топқа бөлініп өзара сайысқа түсіп жатыр. Германия, Швеция, Англия, Франция, Дания елдері бастаған УЕФА рейтингінде Қазақстан 44 мемлекеттің ішінде 16 сатыда тұр. Ел біріншілігінің өткен жылғы жеңімпазы болған Алматы қаласының «Алма-КТЖ-БИИК» командасы бұл жарысқа 1/16  кезеңінен бастап араласады. Оның жеребесі тамыздың 14-і күні УЕФА-ның штаб-пәтерінде тартылады. Олимпиадалық  жүйе бойынша өтетін Чемпиондар лигасының 1/16 кезеңінің ойындары қыркүйектің 30-ы мен қазанның 7-сі аралығында өтеді.   Одан кейін  1/8,  ширек, жартылай  финал ойындары болып,  Чемпиондар лигасы  жеңімпазының аты 2010 жылы мамырдың 20-сы күні Мадридтегі    ақтық ойында белгілі болады. 

         Жалпы, қазіргі таңда,  Қазақстан чемпионатында  3 турдың қорытындысы бойынша «Алма-КТЖ-БИИК» командасы 37 ұпаймен турнир кестесінде үшінші сатыда тұр. Олар қарсыластар қақпасын 66 рет дәл көздеп, ал өздері 18  доп жіберіп алды. Ел біріншілігінде бақ сынап жатқан 7 команданың арасында бірінші  орында 43 ұпаймен  Алматының тағы бір командасы - «№2 Дарынды балаларға арналған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі»(ДЮСШОР №2)   орналасқан. Ал екінші орында оларды 1 ұпай кем жинаған Көкшетау қаласының «Жерім-КУ» командасы өкшелеп келді. Ел біріншілігінің 4-ші тур ойындары енді тамыздың 22-29 күндері Өскеменде болады.