Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы екі орынбасарын таныстырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Г.Н.Әбдіқалықованың төрағалығымен селекторлық режімде Астана, Алматы қалалары мен облыс әкімдерінің орынбасарлары, әкімдер жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағаларының қатысуымен кеңес өтті. Бұл туралы Ұлттық комиссия хатшылығынан хабарлады.

Гүлшара Әбдіқалықова кеңеске қатысушыларға Ұлттық комиссия төрайымының екі орынбасары - Парламент Мәжілісінің депутаты Е.И.Тарасенконы; Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Л.Ж.Сүлейменді таныстырды.

Г.Н. Әбдіқалықова Ұлттық комиссия ағымдағы жылғы жұмысын өңірлік дамуға барынша екпін салатынын атап өтті. Ұлттық комиссия мен өңірлік комиссиялардың алдында үйлесімді әрі сапалы бірлескен жұмысты талап ететін маңызы зор міндеттер тұр.

Жиында Ұлттық комиссия төрайымының орынбасарлары сөз сөйлеп, үйлестіретін бағыттары бойынша өзекті міндеттерге тоқталды.