Әйелдер қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты, үйлесімділікті берік ұстап тұрған нәзік жандар - Қаржы министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы министрлігінде өткен 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесіне арналған салтанатты шарада министр Бақыт Сұлтанов ұжым аруларын мерекемен құттықтады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарланды.

Министр өз құттықтауында нәзік жанды арулар ведомствода ер азаматтармен бірдей еңбек ететінін, министрлік қызметкерлерінің басым көпшілігін әйел азаматтары құрайтынын атап өтті. «Отан - отбасынан басталады, ал оның қорғаны да, ұйытқысы да - әйел заты. Қоғамда ананың орны ерекше, себебі жер бетіндегі адамзат тіршілігі аналардан бастау алады. Әйелдер шын мәнісінде біздің қоғамымыздағы келісім мен тұрақтылықты, үйлесімділікті берік ұстап тұрған нәзік жандар! Ең бастысы қай жерде жұмыс жасаса да әйелдер қауымы сол ортаға жылылық пен жайлылықты, сенімділік пен жауапкершілікті, әдемілікті бірге ала келеді», - деді Б. Сұлтанов.

Сонымен қатар, Б. Сұлтанов қаржы жүйесінің іргетасын қалауға атсалысқан министрліктің еңбек сіңірген қызметкерлеріне де алғысын білдірді. Салтанатты іс-шара барысында сіңірген айрықша еңбегі мен ерең еңбегі үшін бірқатар ардагерлер «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.