НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстанның ұлттық құрамасы әйелдер күресінен жалпыкомандалық есепте үздік үштікке енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құрлықтық додада қазақстандық қыздар екі алтын, екі қола медаль алды.
Ел құрамасынан 68 келіде Мадина Бақбергенова финалда қырғызстандық Мээрим Жуманазарованы жеңіп, алтыннан алқа тақты. Ал 72 келіде Жәмила Бақбергенова финалда Сумире Ниикураны тізе бүктіріп, жеңіс тұғырына көтерілді.
Сондай-ақ қазақстандық спортшылардан Жұлдыз Ешімова (53 келі) және Гүлмарал Еркебаева (76 келі) қола жүлдеге қол созды.
Жалпыкомандалық есепте Жапония (7 алтын, 2 күміс) және Моңғолия (4 күміс, 5 қола) құрамасы алғашқы екі орынға жайғасты.
Күрес түрлерінен (грек-рим, әйелдер күресі, еркін күрес) құрлықтық додаға Азияның 19 елінен спортшылар келді.
Еске салсақ, қазақстандықтар грек-рим күресінен қорытынды есепте бірінші орын алған еді.
Құрлықтық дода 24 сәуірде мәресіне жетеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.