Әйелдер күресінен неге Олимпиада жолдамасын ала алмадық? — Бас жаттықтырушы түсінік берді

Фото: Фото: olympic.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Әйелдер күресі бойынша бас жаттықтырушы Қайрат Сағадиев Астанада өткен Қазақстан күрес федерациясының баспасөз мәслихатында балуан қыздарымыз не үшін Олимпиада жолдамасын иелене алмағанын түсіндірді.

Сағадиевтың айтуынша, тәжірибелі спортшылардың спорттық мансабын аяқтауы және кей спортшылардың жарақаты ұлттық құрамаға үлкен әсерін тигізген.

- 2023 жылы Олимпиада алдындағы дайындық жоспары толық орындалды. Алайда, олимпиадалық іріктеуге арналған Әлем чемпионаты мен қытайда өткен Азия чемпионаты арасы тым қысқа болуы біздің спортшыларға үлкен жүктеме түсірді. Тәжірибелі спортшыларымыз Эллада Махяддинова(50кг), Нилуфар Раимова (57кг) және Эльмира Сыздықова (76кг) олимпиадалық салмақта күресу керек болған. Сыздықованың жарақаты болды, ал Махяддинова мен Раимова босануына байланысты демалысқа кетті. Сондықтан ұлттық құрамадағы жас спортшыларға ауыр жүк түсті, олар барын салып күресіп шықты. Чемпионаттардағы сәтсіздіктен кейін, біз осы жылдың ақпан айында астанада өткен ел біріншілігінде алдағы Әлем және Азия чемпионаттары мен Олимпиадалық іріктеу турнирларына қатысатын ұлттық құрам жасақтадық. Лаура Ғаниқызы (50кг) мен Жұлдыз Ешімова (53кг) сынды мықты спортшыларымыз Азия іріктеу турнирінде ақтық сында қарсыластарына жол берді, - деді бас бапкер.

Қайрат Сағадиев отандық әйелдер күресінің дамуында үзіліс бар екенін айтты.

- Ересек құрама командада бір салмақта тек бірнеше спортшылар ғана күресетіндіктен оларға жүктеме ауыр болып отыр. Сонымен қатар, тәжирбелі спортшыларымыздың артында ізін басатын мықты жастар некен-саяқ, - деді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Астанадағы “Qazaqstan” жеңіл атлетика кешенінің баспасөз орталығында Республикалық «Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ағымдағы қызметіне қатысты өзекті мәселелерге арналған баспасөз мәслихаты өтті.