Әйелдер нәтижелі жұмыс жасап, азаматтық жетістіктің керемет үлгісін көрсетіп отыр - ҚХА

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясы 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнімен әйелдер қауымын құттықтады. Бұл туралы ҚХА-ның баспасөз қызметі хабарлады.

«Құрметті әйелдер қауымы! Қазақстан халқы Ассамблеясы Сіздерді шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесі - 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтайды!», деп басталады құттықтау сөз.

Әйелдердің қоғам өміріндегі алар орны зор екендігі аталып өтіліп, кез келген қызмет саласында нәтижелі жұмыс жасап, әлеуметтік, саяси және азаматтық жетістіктің керемет үлгісін көрсетіп отырғандығын ҚХА тілге тиек етеді.

«Аяулы нәзік жандар, Сіздер әлемге мейірімділік пен ізгілік шуағын шашып, адам баласы үшін ең қасиетті ұғым - жаңа өмір мен махаббат сыйлайсыздар, ұрпақ тәрбилеп, отбасы берекесін келтіресіздер.

Бүгін сіздер осынау ұлы борышты көппен бірге өтеу үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесіне бірігіп отырсыздар.

Ауыр да жауапты міндетті орындай отырып, Сіздер үнемі нәзік те сүйкімді, биязы әрі ақкөңіл жан болып қала бересіздер», делінген құттықтауда.

Биыл 1 наурыз күні ел тарихында алғаш рет Алғыс айту күнін атап өтілді. Бұл мейрам бір отбасыдай өмір сүріп келе жатқан біртұтас Қазақстан халқының өзара сенімі мен ризашылығының, зор құрметі мен өзара түсіністігінің жоғары деңгейін көрсеткен.

«Қадірлі аналар, апа-сіңілілер, қыз-келіншектер, Сіздердің арқаңызда біз бір-бірімізге жылулық сыйлайтын руханият қайнарына бағыт алып, мейірімділік пен ізгілік жолын ұстанып келеміз.

Осынау тамаша көктем мерекесінде, Қазақстан халқы Ассамблеясы елімізде салтанат құрып отырған бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы бағасыз еңбектеріңіз үшін Сіздерге зор құрмет білдіріп, барлық отандастарымыз атынан мың алғыс айтады.

Сіздерге мықты денсаулық, әйел бақытын, отбасыларыңызға береке-бірлік, амандық тілейміз!», деп жазады Қазақстан халқы Ассамблеясы.