17 жылдан кейін ажырасып кеттім — қызмет алушы
Ақтөбеде туып-өсіп, кейін Атыраудың шалғай ауылына тұрмысқа шыққан әйел арада 17 жыл өткенде ажырасу туралы шешім қабылдады. Ойы — төрт баласы жетім қалмасын дегені. Ол келін болып түсіп, тұңғышын бауырына алған кезден бастап зәбір көрді, өзгереді деп күтіп, шыдады. Алайда жылдар өте күйеуі балаларын да ұрып-соғып, өміріне қауіп төндіре бастады.
— 2008 жылы күйеуге шығып, ұлымды босандым. Одан кейін өмірге келген қызымнан эпилепсияның жеңіл түрі анықталды. Үшінші балам да ерекше. Жүкті кезде ашқұрсақ жүріп, содан сәбидің ішектері жабысып қалған екен. Атыраулық дәрігерлер алты күннен соң ота жасап, аман алып қалды. Ал күйеуім — ішімдікке салынған адам. 17 жыл бірге тұрдық, сол уақыттың бәрінде үнемі ішіп жүрді. Өлімші етіп сабап тастайтын. Неліктен ұрды? Екі балам ерекше болды. Соны менен көрді. «Дұрыс тумадың, жынды қылып тудың» деп, оларды алалап, төмендетті. Сол балалардың көзінше ұрып, қолына түскенін лақтырды. Айырмен де түйремек болды. «Жетімсің, әке-шешең жоқ, барар жерің қалмады. Қашсаң да, кете алмайсың» деп басынатын, — деді Ақтөбе қаласы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталығының қызмет алушысы.
Оның айтуынша, өзі жастайынан анасынан айырылды, ал әкесі өзге адамға үйленіп, қайрылмай кетті. Әркімнің босағасында жүріп бойжеткен соң ер адамнан пана іздегенімен, сүйіп қосылған жары қамқорлық танытпады, жылу бермеді. Үнемі әпкесіне жылап барып, пана іздеді. Көп ұзамай қайта қосылды, шыдай берді. «Ұят болар» деп жүре берді.
— Күйеуім жұмыс істесе де, жалақысын бермейтін. Ал мен жұмысқа кетсем балалар үйде қалып, үнемі үрейде отырды. Себебі ішімдік ішеді, сондай адамдарды үйге жинайды. Арты бізді ұрып-соғады. Ақшасын құмар ойынға да салды. Отбасын сақтап қалғым келмеді, бірақ күйеуім оған көнбеді. «Есік ашық, басыма бәле болдыңдар, кете беріңдер» деді. Ал мен жайлы үй, жақсы қарым-қатынасты ғана күткен адаммын. Шыдам таусылған сәт — соққыдан есімнен танған кез. Құлақ шекеден ұрғанда жерге құлағанмын. Үш-төрт минут қозғалыссыз жатып, көзімді ашсам төрт балам үймелеп, жылап тұр. Ерекше балам қолымнан ұстап, «Анашым, тірісің бе?» деп сұрады. «Анашым, кетейікші. Сен неге мұндай адамға күйеуге шығасың» дегенде киімдерімді жинап, түнде таксимен вокзалға келдім. Вокзал ішінде түнеп, таңда Ақтөбе қаласына жолға шықтық. Мұнда да нағашымды паналағаныммен сыймай, далада қалған сәтте дүкендегі сатушы жастар полиция шақырды. Полиция мені балаларыммен бірге орталыққа әкелді. Мұндағы өмірім өте жақсы, алғысым шексіз, — деді ол.
Бүгінде қызмет алушының екі баласы колледжге оқуға түсті, бір баласы мектепке орналасты, ал бір баласына мүгедектік рәсімделетін болды. Ананың арманы — балаларын жетілдіріп, қатарға қосу.
— Мен өлсем, балаларымды кім асырайды деп қорықтым. Мойныма бірнеше рет пышақ тақады, бауыздап тастайтынын да айтты. Ашқұрсақ жүрген күндеріміз де көп болды. Ораза ұстап жүргендей бірнеше күн, апта ыстық тамақ ішпедік. Шыдамаған соң дүкеннен қарызға алып, жәрдемақыдан төледім. Айына 69 мың теңге алдым. Соны ғана жұмсадық. Ал киімді, оқу құралдарын мұнай компаниясы берді, мектеп те қайырымдылық акциясын жасап тұрды. Балалар ыстық тамақты да мектепте ішті, — деді ол.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталықты паналайтын әйелдер көбейді
2018 жылы ашылған орталық алғашында 20 адамға шақталды. 2022 жылы 50 орын болып кеңейді. 8 жыл ішінде орталық 1 450 ана мен баланы қабылдады. Мұнда құқықтық, әлеуметтік, психологиялық және медициналық көмек көрсетіледі. Орталықта тұратын алты айдың ішінде балалар балабақша, мектепке орналастырылады, әйелдер жұмыс істейді. Ерекше балаларға медициналық көмек көрсетіледі.
— Орталықта төрт медбике бар. Ана мен баланың денсаулығын қарап, ем қажет болса, ауруханаларға тасымалдайды. Әлеуметтік сала қызметкерлері балабақша, мектепке орналастыру қызметін атқарады. Орталықтың қызмет алушылары бес мезгіл тамақтанады. Еріктілер де келіп, киім-кешек әкеліп береді. Бұл — біздің ішкі жұмысымыз. Сонымен бірге олардың күйеуін де ішке шақырып, психологпен сөйлесуге кеңес береміз. Көбі келмейді, «мен психологпен сөйлесетіндей „псих“ емеспін» деп айтады. Ал келіп, сөйлесіп, отбасына қосылғандар қайта ажыраспады. Бір айта кетерлігі, заң күшейді, бірақ факт азаймады. Тіпті саны арта бастады. Былтыр 141 ана мен бала түсті, ал биыл жеті айда 175 адамға жетті. Оның ішінде 51-і — әйел, 124-і — бала. Неге? Әйелдер ашық айтуды, көмек сұрауды таңдады. Біз емханалардағы медбикелерге, мектептердегі әлеуметтік педагогке де айтып, жиналыс өткіздік. Қандай да бір ұрып-соғу дерегі болса, әйелдердің паналайтын орталығы бар екенін жеткізуді сұрадық. Базарға да барамыз, аудан, ауылды да аралаймыз. Иә, әйел мен балаға қамқор боламыз. Қазір аудандардан да келіп жатыр. Олар тек күйеуінен емес, енесінен, қайын әпкесінен зәбір көрген. Мұндай да жағдай көбейді, — деді Ақтөбе қаласы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталығының басшысы Раиса Байлиева.
Тұрмыстық, отбасылық жанжал көбіне неден туындайды? Мамандардың айтуынша, ооның бірі — ерлі-зайыптылардың ата-анасымен бірге тұруы. Мысалы, ер адам жалғыз анасын тастап, бөлек тұрғысы келмейді. Бірақ бұл жағдайда анасының қандай қателік жібергенін, ал әйелінің неге наразы екенін түсінуге тырыспайды.
Отбасында бір-бірімен ашық сөйлесу де жоқ. Сөйлесе қалса, мәселені сабырмен талқылаудың орнына, әңгіме ұрыс-керіске ұласады.
— Ата мен әже, ата-ана ақылшы болуы керек. Олар айтақтап отырмай, сабырға шақырып, тәрбиелеуі тиіс. Бірден бөлек шығарып жіберсе де жас отбасы ішіндегі ахуалды қалт жібермегені дұрыс деп білемін. Жұмыс берушілер, кәсіпкерлер жұмысшыларын құр табыс әкелер адам деп қарамауы керек. Олар әр жұмысшысының отбасы жайлы біліп, керек кезде хәлін сұрап, әңгімелескені дұрыс. Кадрлық жұмыс дегеніміз — осы. Қажет болса, үйіне де бар, аралас. Тіпті неке қимас бұрын арнайы орталықта тәлім-тәрбие алса да болады. Отбасы институты бәлкім осыдан басталуы керек шығар. Себебі қазір жұмысбасты ата-аналар тәрбиеге мән бермей, баланы еркіне жіберіп қойды, — деді Раиса Байлиева.
Орталық басшысының айтуынша, мұнда көбіне ішімдікке әуес отбасылардан келіп түседі. Тек ер адам емес, әйелдер де араққа әуестеніп алған. Синтетикалық ескірткі де тұтынады және көбі көпбалалы. Мектеп бітірген соң мүлде мамандық меңгермеген, жұмысы тұрақсыз. Сонымен бірге ауқатты, білімді отбасының әйелдері де түседі. Олар көбіне сөз көтермейді, бір-бірін тыңдамайды. Әрқайсысы өз «менін» жеңе алмаған. Арасында ажырасуды емес, ортақ мүддені таңдағаны да бар. Былтыр орталыққа келген 46 әйелдің 17-і отбасын сақтап қалуға шешім қабылдады. Ал басы жарылып, тісі сынып, гипс салып, қиналған әйел артына қайрылмайды. Олар жұмыс істеп, баласын өзі асырайды. Орталық еріктілер көмегімен төрт отбасына баспана алып берген.
— Әйелдер шағым жазады, сотқа барғанда кешірім береді. Үйіне оралған соң баяғы қалпына қайта түсіп, орталыққа оралады. Бұған екеуінің де еті үйреніп кеткен. Олар ғана емес, әке-шешесі де, ата-әжесі де сондай болған кейбірінің. Әсіресе, саяжай аумағында тұратындар арасында жиі кездеседі. Нақты шешім қабылдамаса, біз де ештеңе істей алмаймыз. Орталыққа келсе, көмектесеміз, — деді орталық басшысы.
Заң өзгерді, бірақ ұрып-соғатындар азаймады
2024 жылы елімізде Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бейнебақылау жазбасы, куәгерлердің айғағы мен полицияның оқиға орнына барып, мән-жайды өз көзімен көргені маңызды рөл атқарады. Ар-ожданына тиіп, кемсітсе әкімшілік іс. Ал ұрса, жарақат алса — қылмыстық іс.
— Отбасында дау-жанжал бірінші рет тіркелсе, бір айға қорғау нұсқамасы шығарылады. Аптасына бір рет отбасына барып, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, арнайы есепке аламыз. Қорғау нұсқамасын сақтамаса, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 461-бабы және 73-бабы 2-бөлігі бойынша жауапқа тартылады. Тағы да қоңырау түссе, озбыр ер адамға үш, алты ай немесе бір жылға ерекше талап беріледі. Бұл кезде ана мен баланың қауіпсіздігі ескеріледі. Ал әйелді ұру Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру», «Ұрып-соғу» баптары бойынша да сараланады. Жеңіл жазасы қомақты айыппұл, ауыр жазасы — бас бостандығынан айыру, — деді Ақтөбе облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқарма отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің инспекторы Әйгерім Көрпешова.
Оның айтуынша, көбіне ішікдікке әуес ер адамдар жұдырық ала жүгіреді. Екінші орында әлеуметтік жағдайы төмен, табысы аз, жұмыссыз отбасында жанжал кездеседі. Үшіншісі — қызғаныш. Ер адамдар демалыс күндері және кешкілік уақытта дау-жанжал шығарады.
— Әйелдер неге кешірім береді? Олар күйеуіне тәуелді, барар жері, ақшасы жоқ. «Ұят болады» деп те жүреді. Ал қазір бұл проблема ашық айтылады. Егер ер адам ішімдікке салынса, полиция мәжбүрлі түрде емдеуге жібере алады. Ақтөбе облысында былтыр 137, биыл 121 қылмыстық іс тіркелді. Сонымен бірге 3 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылды, — деді Әйгерім Көрпешова.
Неге ер адам әйелін ұрады?
Психолог Гүлнұр Бисекова жіктеп берді:
- Билік пен бақылауға ұмтылу. Ер адам әйелдің кіммен сөйлесетінін, қайда баратынын, не киетінін бақылауға тырысуы мүмкін.
- Қызғаныш пен иемденушілік. «Сен менікісің» деген түсінік махаббат емес, бақылаудың белгісі болуы мүмкін.
- Агрессияны басқарудың төмен деңгейі. Адам ашуланғанда сөзбен ғана жеткізуді немесе үнсіз қалуды білмейді.
- Бала кезден көріп, білгені. Зорлықты өз отбасында көрген адам оны қарым-қатынастың қалыпты үлгісі ретінде қабылдауы ықтимал.
- Төмен эмоционалды сауат. Кейбір ер адамдар қорқыныш, реніш, қызғаныш немесе дәрменсіздік сияқты сезімдерді танудың орнына оларды агрессия арқылы көрсетеді.
- Жауапкершілікті басқаға аудару. «Сен өзің жеткіздің», «сен ашуландырдың», «сен тыңдамадың» деген сөздер — зорлықты ақтаудың формасы. Қандай жағдай болса да, жауапкершілік зорлық жасаған адамның өзінде.
Ер адам әйелін ұрған кезде өлтіріп қоюы мүмкін екенін ойлай ма? Психологтан мұны да сұрап көрдік.
— Аффект — нақты психологиялық күй, ал оның бар-жоғын тек мамандар тиісті бағалау арқылы анықтайды. Ең маңыздысы — алғашқы физикалық зорлықтың өзін «бір рет болды, енді қайталанбайды» деп қабылдамау керек. Зорлықтың қайталану қаупі бар және оның салдары кейде өте ауыр болуы мүмкін. Сондықтан әйелдің қауіпсіздігі бірінші орында тұруы керек, — деді ол.
Спикердің сөзінше, әйел жылдар бойы төзгенімен, бір күні шыдамның шегі болады. Зорлық-зомбылық, қорлық, дәрменсіздік, үміттің үзілуі… Адам өзін жоғалтады, жалғыз сезінеді. «Ештеңені өзгерте алмаймын», «мені ешкім түсінбейді», «бұдан шығатын жол жоқ» деген ой санаға сеңіп қалады. Дәл осы кезде адамның кейінгі іс-әрекетін болжау қиын.
— Ең маңыздысы — қауіптің алғашқы белгілерін байқау керек. Адамның өмірден түңілуі, өзін қажетсіз сезінуі, қатты тұйықталуы немесе үмітсіздік туралы айтуы сияқты өзгерістерге бей-жай қарамаған дұрыс. Егер адам өзіне зиян келтіріп, өмір сүргісі келмейтіні туралы айтса, оны «назар аударту үшін айтып отыр» деп қабылдауға болмайды. Мұндай жағдайда жалғыз қалдырмай, сенімді ересек адамға және кәсіби психологиялық немесе медициналық көмекке жүгіну қажет. Қауіп шұғыл болса, жергілікті жедел көмек қызметіне жүгінген дұрыс, — деді психолог.
Ендігі сөз — тәрбие.
— Ұлдарға сезімді жасыруды емес, оны дұрыс білдіруді үйрету керек. Ашулануға болады, бірақ агрессия көрсетуге болмайды. Қызғануға болады, бірақ басқа адамды бақылауға болмайды. Ренжуге болады, бірақ қорлауға және күш қолдануға болмайды. Ал қыздарға «қанша қиын болса да шыда» деп емес, «сенің қауіпсіздігің, қадір-қасиетің және шекараң маңызды» деген түсінік берілуі қажет. Отбасындағы зорлық-зомбылық тек ерлі-зайыптының жеке мәселесі емес. Бұл — адамның қауіпсіздігіне, психологиялық денсаулығына және тұтас отбасының өміріне әсер ететін әлеуметтік мәселе. Оны көріп, біліп отырған балалар үшін психологиялық тұрғыдан ауыр. Әйелдің зорлыққа шыдауы оның әлсіз екенін білдірмейді. Көп жағдайда ол — қорқыныш, қаржылық тәуелділік, балалар үшін алаңдау, әлеуметтік қысым, жақындарының қолдауының болмауы немесе «ол өзгереді» деген үміт. Сондықтан қоғам әйелге «неге кетіп қалмадың» деп айтпай, «қауіпсіз кетуге қандай жағдай жасалды» деген сұрақ қоюы керек, — деді психолог Гүлнұр Бисекова.
Айта кетейік, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы әлеуметтік желіде әйелдерге жасалатын тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты пікір білдірді. Ер-азаматтарды аманатқа қиянат жасамай, әйелге қорған болуға шақырды.