«Әйелдер зейнетке 63-те шығады» - республикалық басылымдарға шолу
***
«Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай Алматы қаласындағы еліміздің танымал өнер қайраткерлерімен және мәдениет саласының ардагерлерімен, бірқатар БАҚ басшыларымен еркін сұхбаттасу түріндегі кездесу өткізді», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Руханиятқа құрмет» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Д.Мыңбай еліміздің мәдениет және ақпарат салаларын ілгерілетуге байланысты межеленіп отырған министрліктің болашақ жоспарларын ортаға салып, оны іске асыру барысында аға буын өкілдерінің өмірлік әрі кәсіби тәжірибесі аса қажет екеніне тоқталды. Биыл қазақ өнеріне теңдессіз үлес қосып, өлшеусіз еңбек сіңірген І.Омаров, К.Байсейітова, Ш.Жиенқұлова, Ж.Омарова сынды айтулы тұлғалардың 100 жылдық мерейтойларының тағылымы жайында, олардың қалдырған мұрасын бүгінгі күннің кәдесіне жарату мәселесі де кеңінен әңгіме болды.
***
«Қазақстандағы кәсіпорындардың үштен бірінде еңбек дауы туындауы мүмкін. Бұл туралы кеше BNews.kz порталындағы онлайн-конференцияда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова мәлімдеді», деп жазады «Айқын» газеті. Министрлік бұл қорытындыға 5 мыңнан астам кәсіпорынға жүргізілген тексеруден кейін келіп отыр. Осыншама кәсіпорынның 25-30 пайызы жұмысшыларына жалақыны уақытында төлей алмауда. Сондықтан аталған кәсіпорындарға тағы да тексеру жүргізілмек. Мақала «Күдікті кәсіпорындар бар» деген тақырыппен берілген.
***
«Әйелдер зейнетке 63-те шығады». «Айқын» газетінің жазуынша, бұл жел сөз емес, солай болады, бірақ бірден емес, 5-10 жылда біртіндеп зейнет жасы ұлғайтылып отырады. Ұлттық банк басшысы Григорий Марченко мырза бұл шешімнің өзгертілмейтінін мәлімдеп отыр. «Сарапшылардың пікіріне құлақ түретін болсақ, бұл алдымен жинақтаушы зейнетақы қорларының шарасыздығын жабу керек болды. Сонымен қатар мемлекеттік бюджет мойнындағы жүкті де жеңілдету қажет болып тұр. Яғни әйелдердің зейнет жасын ерлермен теңестіре отырып, олардың болашақтағы күнкөріске қажет жинағын көбірек жинауға мүмкіндік беру көзделуде. Әйтсе де сол көбірек жиналатын жинақ мәресіне әйелдердің бәрі бірдей жете ала ма екен? Таза кабинеттерде жұмыс істеп жүргендер мен далада, ауыр құрылыстарда еңбек ететін әйелдерді салыстыруға болмайтыны есепке алынбауы шынында да өкінішті», - деп жазады басылым.
***
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында боксшы, Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымовпен арадағы сұхбат «Рингте жүрген жігіттерімізге өзімнің миымды ойып алып, уақытша бере тұрғым келеді» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Қазір бокс стилі өзгерді. Екі боксшы рингтің ортасына тұрып алады да, беттерін бүркеніп, бір-бірін қойғыштауға тырысады. Осылай бастарымен тіресіп алып айқасады. Шыны керек, бұл бокстың өнер ретіндегі «реңін» жойып барады», - дейді.
***
«Қазақстанда қазақ тілінде «Даналар ізімен» атты 12 сериядан тұратын деректі-публицистикалық фильм түсірілді», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, бұл фильм қазақ даласынан шыққан Хибатулла ат-Тарази, Кауам ат-дин әл-Иткани секілді ислам ғұламаларының, Әбубәкір Кердери, Бекет ата, Сұлтан Бейбарыс секілді ұлы ойшылдарымыз бен ел басқарған қайраткер бабаларымыздың өмірінің бізге беймәлім тұстарын қамтитын тың деректерден тұрады. Деректі фильм Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қатысуымен түсірілді. «Даналар ізімен» фильмінің әр сериясының ұзақтығы 21 минутты құрайды. Фильм қасиетті Рамазан айында, нақтырақ айтқанда, 31 шілдеде 17:35-те «Қазақстан» ұлттық арнасында, ал 30 шілдеден бастап 20:30-да «Мәдениет» арнасы арқылы көрсетілетін болады.