«Ең алдымен бір нәрсені түсініп алуымыз керек - әйелдердің 63 жастан зейнетке шығуы бұл тек 2023 жылдан басталады. Бұған он жыл бойы сатылап барамыз», - дейді вице-министр. Ал зейнет жасын ұзартудың себептеріне тоқталған ол былай деді: «Біз 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесіне өттік. Сол кездегі заңда әйел азаматтарына 1 қаңтар 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі болса, оған мемлекеттік бюджеттен зейнетақы төлейміз деген едік. Ал 1998 жылдан кейінгі еңбекке араласқан азаматтар өздерінің еңбекақысынан 10 пайыз жинақтауға аударып, кейін бұны арнайы қорлардан алатын болған. Мәселен, биылғы жылы 1955 жылы туған әйел азаматшалар зейнетке шығып жатыр. Егерде оларды 18 жастан еңбек етті деп есептесек, олардың үздіксіз еңбек өтілі 23-24 жыл. Алайда, олардың балалы болған, сол үшін демалысқа шыққан уақыттары да бар. Дәл осылай есеппен 2018 жылы зейнетке шығатындарды 1960 жылы туғандар деп келтірсек, олардың еңбек өтілі 19 жыл, одан кейінгілердікі де солай төмендей береді. Ал еңбек өтілі төмендеді деген сөз, мемлекеттен берілетін зейнетақының мөлшері де төмендейтінін білдіреді. Себебі біз қазір зейнетақыны азаматтардың еңбек өтілі және еңбекақысына қарап төлейміз».
Вице-министрдің айтуына қарағанда, Үкіметтік заң жобасының негізгі мазмұны 2018 жылдан бастап зейнетке шығатын әйел азаматшалардың жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражатты көбейтуге ықпал ету.
Зейнетақы жүйесіндегі басқа да жаңалықтар туралы бағдарламада өрбіген әңгіменің толық нұсқасын «Алаң» бағдарламасының алдағы шығарылымынан көре аласыздар.