Әйелдердің зейнет жасын ұлғайту мәселесінде дүрлігудің еш қажеті жоқ - Г. Әбдіхалықова

None
АСТАНА. 27 шілде. ҚазАқпарат - Әйелдердің зейнет жасын ұлғайту мәселесі әзірше талқылану үстінде.

Бұл туралы бүгін Bnews.kz порталында өткен онлайн-конференцияда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова мәлім етті.

 «Дүрлігудің қажеті шамалы, әзірше ешқандай шешім қабылданайын деп жатқан жоқ», - деді  журналистердің қойған сұрағына жауап қайырған министр.

 Дегенмен Г. Әбдіхалықованың атап өткеніндей, ерте ме кеш пе әйел мен еркек зейнетақымен қамтамасыз етуде тең құқыққа ие болмақ.

 «Ерте ме, кеш пе әйелдер мен еркектер зейнетақымен қамтамасыз етуде де, еңбек қатынастарында да тең құқыққа ие болулары керек. Зейнетақы аударымдары, жалпы талаптар барлығына да тең болуы шарт. Себебі ортақ жүйеде де, жинақтаушы жүйеде де барлығы еңбекке қатысуына байланысты құрылады», - деді министр.

 «Бұл қазір қабылдана салмауы тиіс. Осы мәселені жан-жақты талқылауымыз қажет. Мүмкін кейбіреулер ортақ жүйеге де, жинақтаушы жүйеге де қатысқан болуы керек. Бірінші кезеңде мүмкін бұны ерікті түрде енгізетін шығармыз», - деп түйіндеді сөзін ведомство басшысы.