Әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекасы қайта іске қосыла ма

Фото: pixabay

АЛМАТЫ. KAZINFORM — «Ұмай» ипотекасы 2021 жылы іске қосылып, 2023 жылға дейін жұмыс істеді. 

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Отбасы банктің Алматы филиалы директорының орынбасары Кәмшат Оңалбаева бұл бағдарламаны қайта іске қосу бойынша жұмыс келіссөз сатысында екенін мәлімдеді.

— «Ұмай» әйелдер ипотекасы бойынша қазіргі уақытта Азия даму банкімен келісімге қол қою процесі жүріп жатыр. Бағдарламаның шарттары осы келісімге қол қойылғаннан кейін жарияланады, — деп жауап берді ол.

Еске салайық, бұған дейін бағдарламаны 2025 жылдың басында жаңартылған шарттармен қайта бастау жоспарланған еді. Бірақ іске қосу мерзімі кейінге шегерілді. Бұрын жарияланған талаптарға сәйкес, бағдарламаға қатысу үшін несие сомасының 20%-ына дейінгі мөлшердегі алғашқы жарна «Отбасы банкіндегі» депозитте болуы тиіс. Бағдарламаға 18 бен 65 жас аралығындағы, ресми табысы бар және соңғы алты айда зейнетақы жарналарын үздіксіз аударып келген әйелдер қатыса алады.

Жаңартылған шарттар бойынша:

• Қарыздың ең шекті сомасы 50 млн теңгеге дейін ұлғаюы мүмкін;

• Отбасының жиынтық таза табысы — айына 950 мың теңгеден аспауы тиіс (бұрын бұл шек 640 мың теңге болатын);

• Баспананы бастапқы (жаңа үй) және екінші нарықтан алуға болады. Тек үйдің пайдалануға берілген жылы 2016 жылдан ерте болмауы шарт.

Еске салайық, 2025 жылы Отбасы банкте 1 миллион депозит ашылды.