«Ерте ме, кеш пе планетаның әрбір 5-ші тұрғыны қатерлі ісікке шалдығады. Әрбір 8-ші ер адам және әрбір 11-ші әйел осы аурудан қайтыс болады. Мұндай сандарды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы келтіріп отыр. Өлім бойынша қатерлі ісік жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейін екінші орында тұр. Бүкіл әлемде қатерлі ісік ауруы тұрақты түрде өсуде. Қазақстанда соңғы 20 жылда онкопатологиямен сырқаттанушылық 25%- ға артты», - деді Вячеслав Дудник.
Оның айтуынша, жыл сайын қатерлі ісіктің 30 мыңға жуық жаңа жағдайы анықталады. Бүгінде онкологияға шалдыққан 217 мыңнан астам пациент динамикалық бақылауда тұр. Науқастардың 56 пайызы – 18 бен 63 жас аралығындағы еңбекке қабілетті адамдар. Вячеслав Дудник атап өткендей, қатерлі ісікпен ер адамдарға қарағанда әйелдер жиі ауырады.
«Таралуы бойынша бірінші орында – сүт безі обыры, екінші орында – өкпе обыры, үшінші орында ішек обыры тұр. Жыл сайын 5 мың әйелге сүт безі қатерлі ісігінің диагнозы қойылады. Елімізде жыл сайын 13 мыңнан астам адам қатерлі ісіктен қайтыс болады. Әсіресе, қатерлі ісіктен ер адамдар жиі өледі», - деп деректер келтірді вице-министр.
Вячеслав Дудник келтірген дерекке сай, елімізде 2 мыңнан астам тексеру кабинеті бар және оларда 500-ден астам онколог-дәрігер жұмыс істейді.