Әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою жөніндегі бірқатар іс-шаралар қабылданды

АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат - Елімізде дағдарыс орталықтарымен өзара іс-қимыл жасасу арқылы әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою бойынша бірқатар іс-шаралар қабылданды,

деп хабарлады ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті.

Егемендік жылдары Қазақстан әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында едәуір ілгерілеуге қол жеткізді.

Гендерлік саясатты іске асырудың практикалық іс-шараларының бірі 1999 жылы ішкі істер органдарының құрамында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөліністерін құру болды. Қызметтік басты міндеті әйелдердің конституциялық құқықтары, бостандықтары және заңды мүдделерін құқыққа қарсы қолсұғушылықтан қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.

Ішкі істер органдарына әйелдер отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы проблемалар бойынша шағымданған жағдайда полиция қызметкерлері жан-жақты көмек көрсетіп, құқық бұзушылға қатысты қорғау нұсқамасын шығарады, құқықтық кеңес береді, орын алған жағдайға байланысты дене жарақаттарының дәрежесін анықтау үшін сот-медициналық сараптамаға жолдайды.

Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі тұрмыстағы зорлық-зомбылықты жою үшін үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғамның институттарымен өзара іс-қимыл жасасуға баса назар аударады.

Сондай-ақ, егер шағымданған әйел өзі үшін қиын-қыстау жағдайда уақытша баспанаға мұқтаж болса, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөліністерінің қызметкерлері оларды дағдарыс орталықтарына жолдайды.

Қазіргі уақытта елімізде дағдарыс және қауіпті жағдайдағы немесе зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге мамандандырылған, кешенді көмек көрсетумен айналысатын (құқықтық, психологиялық, әлеуметтік, медициналық және т.б.) 28 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Кейбір дағдарыс орталықтарының әйел мен оның баласына өз ғимараттарынан баспана беру мүмкіндігі бар. Дағдарыс орталықтарында зорлық-зомбылық құрбандары көмек сұрай алатын сенім телефондары бар.

Ағымдағы жылы ішкі істер органдарының қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 500-ден астам әйелді психологиялық, әлеуметтік және медициналық көмек көрсету үшін дағдарыс орталықтарына жолдаған.