Әйелге қол көтеру дәстүрге де, дінге де, заңға да жат нәрсе - адвокат
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары жиілеп кетті. Бұған не себеп? Әйелдер қалай қорғануы керек? Агенттік тілшісі адвокат Альбина Бахтиярқызының пікірін білді.
— Еркектердің әйелге қол көтеруі қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай....
— Әйелге қол көтеру – дәстүрге де, дінге де, заңға да жат нәрсе. Ешқандай жерде әйелге қол көтеру дұрыс деп жазылмаған. Біз, Қазақстан құқықтық мемлекетпіз. Міне, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңды күшейттік. Бірақ, әйел адамдар көбіне «ұят болады» деп, жазған арызын қайтып алып, кешірім береді. Алайда кейін жағдай бірнеше мәрте қайталанады. Меніңше оған себеп көп:
- Отбасы институты бізде дамымай қалды. Қазіргі кезде қарасаңыз, ажырасу статистикасы көп. Отбасындағы жанжал, әйелге қол көтеру белең алды.
- Әйелдер қазіргі таңда ерлерге қарағанда өте күшті болып бара жатыр: материалдық тұрғыдан да, рухани тұрғыдан да.
- Әйелге қол көтеру тарихтың әр кезінде де болмады емес, болды ғой, бірақ қазір мынау интернеттің дамуына байланысты, көп көріп, естиміз.
- Адамдар қазір әр мәселені дұрыс диалог құрып, сөйлесіп шешуден қалды. Ерлер жұдырығын ала жүгіріп, әйелдер сөз қайтарып, бір-біріне қоқан-лоқы көрсетіп жатады.
- Ішімдік ішіп не есірткі қолданып, яғни есін білмей жасайтындар болады.
— Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейту мәселені түбегейлі шеше ала ма?
— Әр жанжалдың, әр қол көтерудің артында маңызды, шешімін таппаған мәселелер жатады. Салдарын алып, себебін қалдырмау керек. Қоғам санасын өзгерту қажет. Бізде патриархалды көзқарас басым. «Әйел үйде болғанды үндемей іште сақтауы керек. Ұят болады. Ел не дейді? Ешкімге айтпау керек» деген ой басым. Әрине, ер адамды сыйлау керек, бірақ ер адамды дүниеге әкелген сол әйел емес пе…
— Әйелдер бұрынғы күйеулерінен таяқ жеп, тіпті ажал құшып жатыр, оларды қалай қорғауға болады?
— Үлкен проблема. Ажырасқаннан кейін де тыныштық бермейтін еркектер өкінішке қарай көп. Әрине, қарсы жауап беріп, оларды да соққыға алудың қажеті жоқ. Тек құқық қорғау органдарына жүгіну арқылы қорғану керек. Адам денсаулығына зиян келтіру дәрежесіне байланысты Қылмыстық кодекстің бірнеше бабымен сараланады. Тіпті, бас бостандығынан айыруға да болады ондай еркектерді.
— Әлеуметтік желіде Алматыда көшенің ортасында бұрынғы күйеуінен соққы жеген әйелдің видеосы тарап, резонанс тудырды. Белгілі болғанындай, өзі заңгер екен... Оған қандай жаза қолданылуы мүмкін?
— Әйелдің денсаулығына келген зиянның дәрежесіне қарай сараланады. Егер тиісті сараптама қорытындысы орта не ауыр дәреже деп берсе, онда қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ол дегеніміз, сот кінәлі деп танып, Қылмыстық кодекске сәйкес жаза берсе, қамалуы әбден мүмкін. Ал соттылығы бар адам заңгер ретінде жұмыс істей алмайды.
— Маман ретінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйелдерге айтар кеңесіз...
— Әрине, айтуға оңай. Бірақ, сондай зорлыққа ұшырап жүрген әйелдер үндемей жүре бермесе екен деймін. Өз құқықтарын, өз болашақтарын қорғап, тиісті жауапқа тартқызуға әрекет жасау керек. Полицияға жүгінгендері абзал. Одан бөлек арнайы кризистік орталықтарға хабарласуға болады. Ол жерде психолог көмегі де беріледі.