Әйелімен ажырасқан франциялық Uber компаниясынан 45 млн еуро талап етті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Франциялық кәсіпкер ұдайы такси қызметін пайдаланып, өзінің көңілдесіне барып жүргенін жұбайы байқап қалған соң Uber компаниясын сотқа берді, деп хабарлайды Би-би-си.

Ата-жөні белгісіз азамат біршама уақыттан бері Францияның оңтүстігіндегі өзі тұрып жатқан қалада тұратын көңілдесіне тұрақты түрде барып жүрген және ол үшін қандай да бір кедергілерді де кездестірмеген.

Егер ол әйелінің ұялы телефонынан такси шақырмағанда оқиға осылайша өрби беруі де мүмкін еді. Ол өзінің аккаунтындағы сілтемені ашып, такси шақырған соң ол жерден шығып кеткен. Алайда такси қызметінінің багы күйеуінің қайда жүргені туралы хабарламаны келіншегінің ұялы телефонына қайта-қайта жібере берген.

Содан бері отбасылы екеу бір-бірімен ажырасып, бөлек тұрады. Алайда, күйеуі өзі тап болған бақытсыздыққа такси компаниясының қызметін кінәлап, ұйымды сотқа берді және өзін осындай жағдайға жеткізгені үшін ұйым өкілдерінен 45 млн еуро талап етті.

«Менің клиентім сілтемедегі багтың құрбанына айналды»,-деп мәлімдеді кәсіпкердің адвокаты Давид-Андре Дармон Франс пресс агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында.

«Осындай кемшіліктің салдарынан біреудің тағдыры тәлкекке ұшырады»,-деді Дармон. Ол Figaro басылымы жариялаған айыпыпұл құнын растаған жоқ.
Figaro басылымының жазуынша, Франция азаматының әйелінен ажырауына себеп болған багты компания өкілдері жойған.