«Әйелін ардақтаған қоғам алға басады» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 5 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 5 наурыз, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Әйел жанының жаң­ғы­рығы дегенде, оны жұрттың қоғам арының айнасы іспетті қабылдауы бекер емес десек, жаңғыру, жаңару, жалғасу Ана атты алып атпен байланысты. Отан-Ана, Жер-Ана, Та­биғат-Ана болып, ең асыл атаулармен қосар­лана айтылуының өзі бұл ұғымды барынша ұлықтата түседі. Сондықтан да «бір қолы­мен бесікті, ал екінші қолымен әлемді тер­бет­кен» әйел-ананың құдіреті жай­ында қан­ша әңгіме қозғасақ та артық­тық етпейді. «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөміріндегі Ең­бек және халықты әлеу­мет­тiк қорғау министрі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демогра­фия­лық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдiқалықовамен болған сұхбатта, міне, осы және мұнан да басқа мәселелер сөз болады. Сұхбаттың толық нұсқасын «Әйелін ардақтаған қоғам алға басады» деген тақырыппен жарияланған мақаладан оқи аласыздар.

«Егемен Қазақстан» газетінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­стан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановты қабылдады. О. Мұхамеджанов Президентті Парламент Мәжілісінің заң шығармашылық жұмысы, «Нұр Отан» ХДП парламенттік фракциясының қызметі туралы хабардар етті. «Мен Елбасыға Президенттің Қазақстан хал­қына Жол­дауына сәйкес 2011-2013 жылдарға арналған рес­пуб­ликалық бюджетке түзетулер енгізу жөнінде қандай жұ­мыс­тар атқарылғаны туралы ақпарат бердім», - деп атап көрсеткен О.Мұ­ха­мед­­жанов журналистерге арналған брифингте.

***

«Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың өкімімен кезектен тыс президенттік сайлаудың ақпараттық дауын қарастыратын Қоғамдық кеңес құрылып, оның жетекшілігіне комиссия мүшесі Ләззат Сүлеймен тағайындалды», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Ақпараттық дауды қарастыратын қоғамдық кеңес» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, қоғамдық кеңес отырыстары кеңес мүшелерінің жалпы санының үштен екісі болған кезде заңды. Қоғамдық кеңестің шешімдері көпшілік дауысымен қабылданады және ұсынымдық сипатта болады. Қабылданған шешімдер бұқара халыққа БАҚ және ОСК-ның ресми сайты арқылы жеткізіледі.

«Қалада тұрып «Алтын алқа» иегері атануға бола ма?» Талайдың көкейінде жүрген осы сауал бүгін «Айқын» газетінде көтеріліп, оған алтын алқа иегерлері Бәтес Бәйкенова мен Ләйлә Ноғайқызы Дәулет және «Алматы ақшамы» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Әнуарбек Әуелбеков жауап беріпті. Мәселен, Б.Бәйкенова: «Алтын алқа» иегері атанған әйел-аналарды жеке пәтер алу кезегіне қою керек. Олардың отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтылуына Үкімет қол ұшын бергені дұрыс. Сонда ауылдық жерлерде ғана емес, қалада да «Алтын алқаға» үміткер аналардың саны көбеймесе азаймайтыны ақиқат», - дейді.

***

«Алаш айнасы» газетінің сенбілік нөмірінің «Дат!» айдарында «Азаттық» радиосының веб-редакторы, әлихантанушы-ғалым Сұлтан Хан Аққұлұлымен арадағы сұхбат «Әлихан қазақты болашағы зор, өте дарынды халық деп сүйген» деген тақырыппен жарық көрді. Басылым тілшісінің әрбір сауалына егжей-тегжейлі жауап берген ол: «Біз өткен тарихымызды толық зерттеп, жете меңгермесек те, күні кешегі Алашорданың, арыстарымыздың тарихын жақсы білуіміз керек. Бүгінгі ұрпақ ХХ ғасыр басындағы қазақтың Тәуелсіз ел болып, еңсе түзеуі жолында қанын қиып, жанын берген тұлғаларымызды көбіне білмейді. Болашағы зор ел боламыз десек, осындай ұлағатты істі ұрпақ жадында мәңгіге қалдыруымыз керек», - дейді.

Осыдан сегіз жыл бұрын шайтанарбамен Қазақстанның он төрт облысын түгел аралап шыққан Олжабай ақсақал келесі бағытын Мекке-Мәдинаға бұрмақшы. Бұл жайында «Алаш айнасы» газетіндегі «Белесебетпен қажылыққа атанбақшы» деген мақалада кеңінен баяндалған. «Жиһангер қарияның келесі бағыты Мекке-Мәдина болмақшы. Мұсылманның бес парызының бірі - қажылық сапарын ата-бабаларымыз бүгінгі ұрпағынан өзгеше атқарғаны анық. Қасиетті орындарға жаяу не басқа көлікпен барған. Қазір жұрт ұшақпен ұшып барып қайтады. Олжабай ақсақалдық ойлағаны бір басқа - қияндағы қасиетті жерге вело-жорғасымен аттанбақ», - деп жазады басылым.

***

«Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық энергетикалық агенттіктің (ХЭА) атқарушы директорының орынбасары Ричард Джонсты қабылдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның жазуынша, ҚР мен ХЭА арасындағы ынтымақтас­тық мәселелері бойынша пікір алмасу барысында әлемдік энергетикалық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз етудегі біздің еліміздің ма­ңызды рөлі атап өтілген. Сондай-ақ кездесу барысында жүзде­су­шілер Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы жағдайды да тал­қы­лаған.