Айға ұшқан «Аполлон-15» миссиясы сурет түсірген объектив аукционға шығарылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - RR Auction бостон аукционында Айға ұшқан «Аполлон-15» миссиясында астронавт Дэвид Скотт пайдаланған объектив сатуға шығарылды. Лоттың құны 400 - 600 мың долларға бағалануда. Аукцион 21 сәуірге дейін жалғасады.

Gizmag порталының хабарлауынша, Zeiss Tele-Tessar 500mm f/8 объективі Ай бетіне төрт мәрте шығарылған. Суретке түсіру әйнегі астронавтардың ғарышта фото түсіруге лайықталып жасалған. Ол Ай бетін суретке түсіру үшін Hasselblad Electric Data Camera атты камера нұсқасына арналған. Оның көмегімен 293 фото түсірілген.

Аукцион сайтының хабарлауынша, ғарышта пайдаланылғандықтан объективтің бетінде сызықтар бар. Сонымен бірге, объективтің алдыңғы және артқы линзасы скотчпен жабылған. Аукцион мамандары оның ішінде ай тозаңы болуы мүмкін деп отыр.

Еске сала кетсек, «Аполлон-15» миссиясы 1971 жылы 26 шілде - 7 тамыз аралығына жалғасты. Осы уақытта астронавттар Ай бетінде үш тәулік болды өткізді. Жерге оралған экипаж 77 келі ай топырағын жеткізді.

Астронавт Дэвид Скотт өзіне объектив NASA агенттігінен естелік ретінде берілгендігін айтуда.