Әйгерім Бекетаева Борис Эйфманның балет театры труппасының құрамында Испанияда өнер көрсетеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана Опера» театрының прима-балеринасы Әйгерім Бекетаева Борис Эйфманның Санкт-Петербург мемлекеттік академиялық балет Театры труппасымен Испаниядағы гастрольдік сапар аясында өнер көрсетеді. Балерина 6 наурызда Вальядолидте, 15 наурызда Виторияда (Испания) билейді.

Театрдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Борис Эйфман театрының көркемдік жетекшісі Әйгерім Бекетаеваны шеберлігі мол, ерекше биші, өз ісінің нағыз маманы, деп атап өткен. Оның айтуынша, ол аталған театр репертуарын орындауға әбден қабілетті және өзін сол ортада еркін сезінеді. Классикалық негізді жақсы игерген көптеген әртістер жаңа хореографиялық қимылдарға дайын емес болып шығады. Әйгерім Бекетаева Камилланың техникалық әрі психологиялық жағынан күрделі партиясын лайықты игеріп, тіпті оған жаңа реңк енгізген.

Еске сала кетсек, Әйгерім Бекетаева осы труппамен 2014 жылы сәуірде Лондон және Будапешт қалаларында өнер көрсеткен еді.

«Заманауи балет өнерінің әлемдік орталығы деп танылған Ұлыбритания астанасында билеу нағыз сынақ екені анық. Әйгерім мен біздің труппаның әртістері бұл сынақтан сүрінбей өтті. Лондондық көрермендер орындарынан тұрып қол соқса, жергілікті сыншылар орындаушылардың шеберлігін жоғары бағалады. Әйгерім Бекетаеваның серіктесі - Роден партиясын билеуші Дмитрий Фишер болды. Менің ойымша, олар сахнада біртұтас пластикалық әрі драматургиялық жұп құра білді. Испанияда Әйгерім Бекетаева тағы да Дмитриймен бірге билейді», - деді Борис Эйфман.

Өз кезегінде Әйгерім Бекетаева, оны әрқашан жылы карсы алатын әріптестермен бірге еңбектенуге қуанышты екенін жеткізді:

- Мен олармен әлі күнге дейін жақсы қарым-қатынастамын, хат алмасып тұрамыз, труппа жетістіктеріне шын жүректен қуанамын. Олар да менің шығармашылық өміріме көз салып, тұсаукесермен құттықтап отырады. Екінші мәрте шақыру - қазақстандық балеттің, әртістеріміздің шеберлігі жоғары деңгейдегі екенін көрсетеді. Камилла партиясы - менің ең сүйікті партияларымның бірі, - деп атап өтті биші.