Әйгерім Қошанова Ақмоланың білім басқармасына жетекшілік етеді

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысы әкімінің өкімімен Әйгерім Қошанова Ақмола облысы білім басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Әйгерім Болатқызы Қошанова Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін және Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін тәмамдаған.

Білім беру саласындағы еңбек жолын 2008 жылы Зеренді ауданының Ортаағаш орта мектебінде химия және биология пәндерінің мұғалімі болып бастаған.

Әр жылдары Көкшетау қаласындағы №17 мектеп-гимназиясында химия пәнінің мұғалімі, №13 экологиялық мектеп-гимназиясында биология және химия пәндерінің мұғалімі, оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары, сондай-ақ Әл-Фараби атындағы IT-лицейде оқу-тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметтерін атқарған.

2021-2024 жылдары Көкшетау қаласындағы Әл-Фараби атындағы IT-лицейдің директоры болды. 2024-2025 жылдары Көкшетау қаласындағы №20 мектеп-гимназия директорының міндетін атқарып, кейін директор қызметін атқарды.

Ақмола облысының білім басқармасының басшысы болып тағайындалғанға дейін Айгерім Қошанова Ақмола облысының білім басқармасының Көкшетау қаласы бойынша білім бөлімінің басшысы қызметін атқарды.

Бұдан бұрын Ерлан Қошанов Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланған болатын.