Әйгілі қазақ мұнайшысы дүниеден озды

АЛМАТЫ. 8 қаңтар. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыда қазақтың әйгілі мұнайшысы, осы салаға ата-тегімен еңбек еткен танымал жазушы Рахмет Өтесінов 84 жасында ұзаққа созылған ауыр науқастан көз жұмды.

Ол отандық мұнай-газ саласына орасан еңбек сіңірді. 60-жылдардың басында Маңғышлақтағы ірі мұнай ошақтары - Өзен мен Жетібайдың құрылуына атсалысты. «Өзенмұнай» мұнай-газ өндiрісі басқармасының алғашқы директоры болды. Р. Өтесінов еңбегі КСРО мен Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградаларымен марапатталды. Ол еңбектегі көп уақытын мұнай барлау жұмыстарына аударды, кадр мәселелеріне жауаптылықпен қарады, қарапайым мұнайшылардың тұрмыс жағдайларына көп көңіл бөлді. Оның арқасында вахталық елдімекендер мыңдаған халық тұратын қалаларға айналды. 1969 жылдың қазанында өз қызметін атқару барысында ол апатқа ұшырап, 1-топтағы мүгедек болып қалды. Алайда, өз жұмысын жалғастыра берді. Ішкі өндіріс шаруашылықтарын парафин түзілімдері мен ілеспе газдан қорғауға қатысты ғылыми-тәжірибелік мақалалар жаза бастады. Ол тағдыры қиын мұнайшылар жөнінде жазылған бірқатар еңбектердің авторы. 1987 жылы КСРО мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болды.

Оны көпшілік қатал мінезді адам, Николай Островский мен Алексей Маресьевтердің ізбасары деп таныды. Ол туралы фильмдер түсіріліп, кітаптар, газет- журналдар беттерінде мақалалар жазылды. Бар өмірін мұнай өндірісіне арнаған еңбекшінің балалары да осы салада қызмет етуде.

Өзінің көп кітаптарының бірі «Жолдар және жолдастар» еңбегінде Р. Өтесінов: «Мен мұнаймен, оның мәселелерімен өмір сүрдім, мұнай жанашыры болдым, солай қала беремін», деп жазған болатын. Ол Қазақстанның жер байлығы елі мен халқына қызмет ететініне сенді.

Атақты мұнайшы өзінің туған жері - Ақтауда жерленеді деп күтілуде.