Әйгілі курорттарда жұқпалы чикунгунья безгегі өршіп тұр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кариб бассейні елдерінің 10 мыңнан аса тұрғыны масалармен тасымалданатын вирусты індетке шалдықты.

Осыған орай аталған елдерде демалысын өткізгісі келген азаматтарға бұл жоспарларынан бас тартқаны дұрыс болады. Себебі бұл өңірлерде жұқпалы «чикунгунья» безгегі өршіп тұр деп хабарлайды шетелдік БАҚ.

Ауру жаңа жылдық мерекелерден бастап байқалған болатын, содан бері он мыңға жуық адам аталған дертті жұқтырған. Жергілікті ауруханалар науқастарға лық толы. Қазіргі таңда аурудың вакцинасы жоқ. "Біз тек қана аурудың белгілерін жеңілдете аламыз, науқас өздігінен айығады. Вирустан қорғану үшін шыбын-шіркейден қорғайтын жабық киім кию қажет. Дене қызуы көтерілген жағдайда шұғыл дәрігердің көмегіне жүгіну керек. «Чикунгунья» «Денге» безгегінен де қауіпті, адам екі жылға дейін төсек тартып жатып қалуы мүмкін", - дейді дәрігер-терапевт Ильяна Агаскета. Чикунгунья дертін масалар және шыбын-шіркейлер тасымалдайды, сонымен қатар адамнан адамға да жұғады. Ауру Еуропаға да тарап үлгерген, бірінші жағдай Италияда тіркелген. Негізгі белгілері - дене қызуының жоғарылауы, бұлшық еттердің және буындардың қатты ауыруы, жүрек айнуы. Ауру бірнеше аптаға созылады, кейбір жағдайларда бірнеше айға да барады.