«Әйгілі моңғол Асасёрю Акинори Қазақстаннан өзіне ізбасар іздеп жүр» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 17 мамыр, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Қазақ музыкасының қысқаша тарихының» ІІІ томдық оқулық-монографиясын жазып, онда өткен ғасырлардағы ұлы ғалым, ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің музыкалық мұрасынан бастап егемен еліміздің атақты сазгер, әнші, сахна шеберінің 232 тұлғасының өмірі мен шығармашылығына хронологиялық талдау жасап, қазақ халқының ұлы өнері, мәдениеті, музыка әдебиетінің дамуына өз үлесін қосқан музыка зерттеуші, ҚР білім беру саласының үздігі, өнер, мәдениет қайраткері, Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Пернебек Момынұлының ұлттық өнеріміздің тарихын зерттеуде, ағарту cаласында, насихаттауда алар орны ерекше. Осынау ерекше азаматпен арадағы сұхбат «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Қазақтың дарынды халық екені әлі зерттелмей жатыр. Бұл - біздің кемшін тұсымыз» деген тақырыппен берілген.

Спортсүйер қауым, оның ішінде сумо күресінің қыр-сыры мен саңлақтарын жақсы білетіндер Асасёрю Акинори десе ішкен асын жерге қояры дау­сыз. Жасы әлі отызға жетпеген даңқты Асасёрюдің шын аты-жөні - Долгорсурэнгийн Дагвадорж. «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, аты аңызға айналған моң­ғол Қазақстанға «Бес қару» атты ұлттық спорт түрлері қауым­­­­дас­тығының президенті Дәурен Мұ­саның шақыртуымен келген. Қазір уақытта отставкада жүрген «Көк айдаһар» атты лақап есіммен танымал спортшы Қазақ­станды аралап шығып, талантты бір спортшы табатынына сеніп отыр. Сөйтіп, ол жаңа ізбасарын Күншығыс еліне апарып, жапон ұлттық күресінің бүкіл қыр-сы­ры­на баулымақ. «Қазақстанда талантты спорт­­­шылар өте көп. Лондон Олим­­пиадасында оны бүкіләлем көрді. Бірақ, қазақстандықтар көбінесе өздерін күш салатын спорт түрлері бойынша танытты. Меніңше, мұны әрі қарай дамыту керек деп ойлаймын. Мен осы жерден өзіме ізбасар тауып, біріккен жаттығулар жүргізуге дайынмын. Өйткені, мен бүкіләлемде спорттың салтанат құрғанын қалайтын адаммын», - дейді әйгілі сумошы. Мақала тақырыбы: «Әйгілі моңғол Асасёрю Акинори Қазақстаннан өзіне ізбасар іздеп жүр».

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Қайрат Мәмидің төрағалығымен өткен Сенаттың кешегі жалпы отырысында еліміздегі зейнетақы жүйесін жаңғыртатын қос заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Яғни тұжырымдамасы құпталды. Артынша палата Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне жобаларды екінші оқылымға әзірлеуге тапсырма берді. Бүгін арнайы жұмыс тобы, Үкімет өкілдерімен бірге, жиын өткізіп, осы заң жобаларына ұсынылып отырған өзгерістерді ары қарай қарауды жалғастырады деп күтілуде. «Сенат отырысында «Қазақстандағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң жобасының айналасында қызу та­лас жүргендігін айта кеткен жөн. Кейбір сенаторлар Қазақстанда зейнетке шық­­қан соң, онсыз да әйелдердің орташа алған­да 9 жылдай ғана өмір сүретіндігін ал­ға тартты», - деп жазады басылым. Мақала «Зейнетақы туралы заңды жаңғырту - заман талабы» деген тақырыппен берілген.

«Ресейдің ЛДПР партиясының төрағасы Владимир Жириновский тағы да шу шығарды. Қашанда тілінде тиек болмайтын, оспадарсыз әрекеті арқылы жұртшылыққа танымал «көсем» енді көрші қырғыз депутаттарына жақпай қалды», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Қырғыздар мазасызданып жатыр» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, бұған осыдан бірнеше күн бұрын ЛДПР төрағасы «қырғыздар қайтара алмай жүрген қарызын жауып, қаржыға ке­шіріммен қарағаны үшін Ресей билі­гіне рақметін айтуы қажет. Соның қай­тарымы ретінде бізге Ыстықкөлді берсе болды» деп мәлімдеме жасағаны түрткі болған. Сәрсенбі күні қырғыз парламенті Владимир Жириновскийді нон грат деп жариялады. Бұл шешім бойынша енді Жириновский қырғыз жеріне мүлде аяқ баса алмайды. Осыған байланысты қырғыз парламенті арнайы қаулы қабылдағанын Жоғарғу Кеңештің баспасөз қызметі растап отыр.

***

«Экспресс К» газетінің жазуынша, бүгін, 17 мамыр күні Қасым-Жомарт Тоқаев 60 жасқа толады. Есімі елімізде ғана емес, сонымен қатар әлемге де танымал отандық саясаткер әрі дипломат қазіргі уақытта БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Женевадағы бөлімшесінің бас директоры қызметін атқарады. Мақала «Первый сет Токаева» деген тақырыппен берілген.