Әйгілі Мұхаммед Әлиді іздеп барып, «нокаут алған» қазақ
The Greatest - ұлылардың ұлысы атанған күрескер Мұхаммед Әлиді бір көрсем деген арман Семейдегі жас жігіттің түн ұйқысын ұрлайды. Кейін керемет жолы болып, боксшымен кездесіп, фотосуретке түскен ол қазақ - ғалым, абайтанушы Қайым Мұхамедханұлының ұлы Қанағат еді.
Мұхаммед Әлидің СССР-ға сапары
Беті қайтпаған Джордж Форманды сұлатып, тіс қаққан Джо Фрейзерді «Маниладағы триллерден» кейін тізе бүктірген Мұхаммед Әлидің 1978 жылға қарай атағы жер жарып тұр еді. Рингте «көбелектей көлбеңдеп, сонадай шағатын» боксшының фотосуреті сол тұстың өзінде темірқұрсау СССР-дағы «Огонек» журналының бірінші бетінде тұратын. Әли АҚШ-тағы СССР елшісі Анатолий Добрынинмен дос болды. Міне, осы достық пен АҚШ саясатын ашық сынаудан қорықпайтын өр мінез ақыры әйгілі боксшыны Совет одағына алып келді.
Мәскеудегі Шереметьево әуежайындағы салтанатты қарсы алу, боксшы Виктор Агеевтің ілтипаты, Цирктегі Юрий Никулинмен әзіл, «Метрополь» қонақ үйіндегі аста-төк апартамент - осының бәрі рухани азық іздеп келген Әлиге аздық еткені анық еді. Әлидің Ташкентке бару ниетіне СССР басшылығы қарсылық танытқан жоқ.
...Ташкентке сапарды мақаланың келесі бөліміне ысырып қойып, Әлидің Мәскеуге қайтып келгеніне тоқталсақ. Өзбекстаннан келген соң боксшы артық төрт келі салмақ қосқанын, десе де кеңес жанкүйерлерінің арманын орындау үшін рингке шыққысы келетінін жариялайды. Жекпе-жек аяқ астынан ұйымдастырылып, 2 мың орындық ЦСКА-ның жаттығу залы лық толатыны да осы шақ. Кеңес боксшыларынан Пётр Заев, Евгений Горстков пен Игорь Высоцкий Әлимен бір-бір раунд өткізеді. Үш бірдей боксшыны қабылдаған айқастың өзі де кейін бір аңызға айналып кетіп еді...
Әли Мәскеуге сапары барысында КОКП ОК-нің Бас хатшысы Леонид Брежневпен кездесіп,  үш кітабын сыйға қабылдайды. Десе де, осынау сыйластықтың бір жылдан кейін-ақ күлі көкке ұшты. Кеңес әскері Ауғанстанға басып кіргеннен кейін Әли бірден СССР саясатына қарсы ашық қарсы шығып, әлем елдерін Мәскеу Олимпиадасына (1980) бойкот жариялауға шақырды.
Кездесуге КГБ-да кедергі бола алмаған
Қайым Мұхамедханұлының қызы Дина Мұхамедхан жақында Фейсбуктегі парақшасында ағасы Қанағаттың Мұхаммед Әлимен түскен фотосуретін жариялады. Құнды сурет бүгін де бір әулеттің естелігіне айналған.
«Еркіндіктің символына айналған Мұхаммед Әлиді біз бүкіл отбасымызбен жақсы көрдік. Әкем де ерекше құрмет тұтатын. Теледидардан оның бар өміріне қатысты жаңалықтарды өткізіп алмауға тырысатынбыз. Қанағаттың бір кездері боксқа қызығушылығын оятқан Мұхаммед Әли еді. Кейін спортшы болып кетпесе де, боксшы қолғабын сатып алып, біршама әуестенді», - дейді ол.
Бүгін де «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» қоғамдық қорына жетекшілік етіп отырған Дина Мұхамедханның айтуынша, Қанағат Әлидің Ташкентке ұшып келгенін «Время» бағдарламасынан көріп білген. 
«Ағам Қанағат анам Фархинұрға «Ташкентке барып келейік, мүмкін Әлиді көрерміз» деп қолқа салуын қоймады. Институтта оқып жүрген Қанағаттың бұнысына бас шайқап, күлгеніміз есімде. Расында да, ойлап қарасаңыз, Ташкенттің қай уақытта, қай жерінде жүретінін білмесең, оның үстіне оны қоршап кіл КГБ қызметкерлері жүрсе - армандаған боксшыңды көруің мүмкін бе? Осыдан-ақ, бұрынғы буынның қаншалықты энтузиаст болғанын аңғара беріңіз. Қазір ойлап отырып, таңғалам. Ақыры, Қанағат айтқанын қайтпай, анам екеуі Семейден Ташкентке ұшып кетті», - дейді ол.
Қанағат пен анасы Ташкентті аралаған кездерінде Әлидің қай жерге баратынына да құлақтары түрік жүреді. Әлидің мұнда көп болмай, Самарқанға ұшып кеткенін естіген Қанағат Ташкенттен Самарқанға әуе билетін ала салады. Әуежайға келгеннен кейін кенет жолаушыларды ұшаққа отырғызбастан тоқтатып қойып, әлдебір делегацияның келе жатқаны хабарланады. Кешігіп жүрген қай шенді екен деп, жолаушылардың бәрі үрпиісіп қалса керек. Сөйтсе, делегацияның тура ортасындағы - Мұхаммед Әлидің өзі екен!
«Қара Американың» батырын көрген кезде Қанағаттың аузы ашылып қалса керек. Анасы екеуі осылайша, Әлимен бірге ұшады. Кездейсоқтықтың кереметін көрмейсізбе?! Бір қуанарлығы, Қанағат Семейден ұшарда өзімен бірге фотоаппаратын ала кетіпті. Осы ғажайып сәтті енді мәңгілік естелікке айналдыру ғана қалған. Бір қиыны, анасы фотоаппаратты өмірінде қолына ұстап көрмеген адам еді. Десе де, Қанағат анасына қалай түсіру керектігін дұрыстап үйретеді де, ұшақтың қонғанын күтеді.
«Көп өтпей ұшақтың қонар уақытын сәтті пайдаланған Қанағат КГБ қызметкерлерінің ескертуін елемей, боксшының өзіне тура барып, бар білген «ағылшыншасымен» іздеп келгенін жеткізеді. Фотосуреттен қарасаңыз, боксшының артында көзілдірік таққан КГБ қызметкері тұр. Кейін Қанағаттың ескертуді елемегеніне ашуланған олар фотоаппаратты тартып алмақ та болған. Бірақ, жас жігіттің ұмтылысын көрген Әли КГБ қызметкерлерін тоқтатып, Қанағатты қасына өзі шақырып алыпты. Әли мен Қанағаттың бірге түскен үш фотосуреті бар. Біріншісінде, Әли қолын көтеріп тұрса, екіншісінде Қанағатпен бірге камераға тура қарап тұрады. Ал үшіншісінде Әли әзілдеп, Қанағатты «нокаутқа жіберген» сәті суретке түсіп қалған. Міне, көптен күткен «кездейсоқ кездесудің» тарихы осындай. Осы фотосуреттер бүгін де тарихқа айналып қалды», - дейді Дина Мұхамедхан.
Фотосурет тарихының тақтасы - Аризона штатында
Дина Мұхамедханның өзі Америкаға бірнеше рет барып қайтыпты. 2005 жылы біліктілігін арттыру бағдарламасымен Монтана штатына жолы түседі. Одан ары Аризона штатындағы Тусон университетінде де болған. Сонда қазақ мәдениеті тақырыбында мұғалімдердің алдында сөй сөйлеген Дина апай Алматы мен Тусон - бауырлас қалалар екенін кездейсоқ естіп білген.
«Тоқсаныншы жылдары Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланыс жолға қойылып, қалаларымыз бауырлас атанған-тұғын. Ол туралы хабарым жоқ еді. Тусонда коммерциялық емес ұйым бар. Оның директоры - Джерри М. Гари. Онымен байланысқа шыққаннан кейін менің келіп, жастардың алдында сөз сөйлеуімді өтінді. Сөз соңында Гари мен жастарға 1978 жылда түсірілген суреттің тарихын айтып бердім. Осы фотосуреттер Әлиге жетсе деген ойымды айтқан кезде - Гари мырза олардың көшірмесін қалдырып кетуімді сұрады», - дейді Дина Мұхамедхан.
АҚШ-тағы ғылыми сапары аяқталған соң Дина 2006 жылы елге оралады. Бір айдан кейін алыс құрлықтан жағымды хабар жеткен.
«Америкалықтың өте жауапты азаматтар екеніне көзім жетті. Сөйтсем, Гари менен алған фотосуреттерді Аризона штатындағы неврологиялық институттың Мұхаммед Әли атындағы паркинсон орталығына табыстапты. Гари мырза арнайы тақта әзірлеп, институт қабырғасына іліп қойыпты. Ол тақтада фотосуреттің қысқаша тарихы жазылған. Міне, қырық жыл бұрын түсірілген сурет ақыры естелік-тақташа болып, Мұхаммед Әли атындағы паркинсон орталығына ілінді», - дейді Дина апай.
Қанағат Мұхамедханов: Әлимен кездесу мүмкін емес деп ойладық
Семейде тұратын Қанағат Қайымұлы да сол кездесуді күле де, сағына еске алатынын айтады. Мұхаммед Әли секілді қайсар тұлғаның өміріне бала кезден қызыққан екен. 
«Ол - «Қара Американың» тәуелсіздігі үшін барын сарп еткен күрескер, Вьетнамдағы соғысқа барудан бас тартып, жүйеге қарсы шыққан тұлға. Мен Мұхаммед Әлиді ұлы спортшы ғана емес, ұлы адам деп білемін! Тағдыры ауыр болды - бірақ ол бәрін жеңді. Теңсіздіктің қақпасын теуіп ашты», - деп сөзін бастады ағамыз.
Қанағат Мұхамедханов Әлимен кездесудің мүмкін емес екенін естіпті. 
«Алайда тағдыр бізді бір ұшаққа отырғызып, Самарқанға бірге жетуді жазыпты. Әлимен кездесер алдында «Огонек» журналынан фотосуреттерін қиып алғаным бар еді. Боксшының қолына соларды ұстатқанымда, әрбірін мұқият қарап шықты. Әрбір суретке автографын қойып берді», - дейді Қанағат Мұхамедханов.
Арада біршама жылдар өткесін фотосуреттер Семейден АҚШ-қа - Мұхаммед Әлидің өзіне жолданған екен. Көп өтпей боксшының фотосуретті алғаны туралы жауап та келген. 
Қанағат Қайымұлы қазіргі уақытта зейнеткер. «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» қоғамдық қорында біршама жұмыс атқарып жүр. Дина Қайымқызымен бірге әкеден қалған мол мұраны ұрпаққа аманаттауға түбегейлі кіріскен. Зейнетке шықпай тұрып, Семей қаласының педагогикалық колледжінде еңбек еткен. Кезінде Семейдегі үлкен көпірдің құрылысына атсалысқан.
***
Америкалық «Ring» журналының нұсқасы бойынша «100 ұлы жекпе-жек» рейтингінде бірінші тұрған «Маниладағы триллердің» - ғасыр айқасы екені даусыз! Мұхаммед Әли мен Джо Фрейзердің 15 раундық текетіресінде спорт комментаторының мына сөзі бокс жанкүйерлерінің санасында сайрап тұр: 
«Сөзсіз, Джо Фрейзер тарихтағы ұлы боксшылардың бірі. Бірақ, ол бүгін ұлылардың ұлысымен кездесіп қалды!» 
Бір айдан кейін Мұхаммд Әлидің өмірден өткеніне тура 2 жыл толады.
Фотосуреттер Қанағат Мұхамедхановтың отбасылық архивінен алынды