Ертең елордадағы «Астана Опера» театрында Х мерейтойлық маусым басталады.
Аталған өнер ошағы өкілдерінің айтуынша, жаңа маусымның ашылуында опера әртістері қазақ, корей және батыс еуропалық шығармаларды орындайды. Олардың қатарында А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан көпшіліктің сүйіп тыңдайтын «Тойбастар» сахналық көрінісі, Ж.Оффенбахтың «Гофман ертегілері» операсынан Олимпия шумақтары, Ф.Легардың «Күлкі елі» опереттасынан ханзада Су Хонгтың ариясы, «Пуритандықдар» операсынан Рикардоның ариясы және тағы басқа көптеген танымал туындылар бар.
«Осыдан 10 жыл бұрын алғаш рет Алматыда болдым. Қысқы Азия ойындарының ашылуына қатыстым. Екінші рет келгенімде елордада болдым. Міне, бұйырып Қазақстанға үшінші рет келіп отырмын. Биыл Корея мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толып отыр. Осы орайда Қазақстанда тағы өнер көрсетудің сәті түскеніне қуаныштымын. Тек әртіс емес бейбітшілік пен достықты қолдайтын адам ретінде де», - деді әйгілі опера әртісі Суми Чо «Астана Опера» театрында өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ әртіс қазақстандық опера әншілерінің өнерін жоғары бағалайтынын айтты.
«Мен әлем елдерін аралап өнер көрсетіп келемін. Қазақстан мен оның мәдениетіне деген қызығушылығым жоғары. Қазақ әндерін орындағым келеді. Димаш Құдайбергенмен жақсы араласып тұрамыз. Осы жолы Нұр-Сұлтан қаласына келе жатқанда ұшақта Димаштың өнерін тамашалап келдім», - дейді ол.
Ертең Суми Чо «Астана Опера» театры сахнасында қазақстандық Азамат Жылтыркөзов, Медет Шотабаев, Татьяна Вицинская және тағы басқа опера әртістерімен бірге өнер көрсетеді.
Айтулы өнер кешінің хор және оркестр дирижері – қазақстандық маэстро Алан Бөрібаев.
«Біз үшін әлемге әйгілі Суми Чо ханыммен бір сахнада өнер көрсету бақыт. Ертең ол кісі орындайтын әр шығарманың орны бөлек әрі ерекше. Әлемдік деңгейдегі опера әртісінің қазақстандық көрермендер үшін өнер көрсететіне қуаныштымыз», - дейді ол.